23 ақпаннан Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 93 мың доза мөлшеріндегі вакцинаның екінші партиясын жеткізу басталды.
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакциналау науқанына қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ», - деді Е. Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, 23 ақпаннан Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 93 мың доза мөлшеріндегі вакцинаның екінші партиясын жеткізу басталды. Осы вакцинамен медицина қызметкерлерін егу аяқталған соң, педагогтарды вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр.
«Вакцинациялау барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. 786 егу пункті ашылды, олардың 170-і қазіргі уақытта егу жұмыстарын жүргізіп отыр. Барлығы салқындату тізбегін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды», - деді вице-министр.