Батыс Қазақстанда 31 мектепте 42 сынып карантинге жабылды

0
2 471

Өңірде 11 қаңтарда басталған үшінші тоқсанда 127 оқушыдан коронавирус анықталды.


Батыс Қазақстанда 31 мектепте 42 сынып карантинге жабылды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында қала мен аудандар бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 31 мектепте 42 сынып карантинге жабылды, деп жазады ҚазАқпарат.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 11 қаңтарда басталған үшінші тоқсанда 127 оқушыдан коронавирус анықталды.

Олардың 49-ы дәстүрлі түрде, 78-і қашықтан оқиды. Ал оқу жылы басталғаннан бері барлығы 341 оқушыдан (164-і дәстүрлі түрде, 177-сі қашықтан білім алады) індет табылды. Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, облыста осы кезге дейін 11397 адам жұқпалы дертке шалдықса, соның 9267-сі жазылып шықты. 199 адам көз жұмды.

Жыл басынан бері 2174 адам сырқаттанса, соның 1354-інде ауру белгісі бар, 820-сы –симптомы жоқтар.

КВИ жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 2782 адам медициналық бақылауға алынды.

Соңғы аптада (29 қаңтар – 4 ақпан) өткен аптамен (22-28 қаңтар) салыстырғанда, індеттің 3,7 пайызға (636-дан 613-ке) төмендегені байқалады.

Коронавирус жұмыс істейтін адамдар (903, 41,5 пайыз), зейнеткерлер (461, 21,2 пайыз) және жұмыссыздар (387, 17,8 пайыз) арасында көбірек анықталып отыр.

Биыл зертханаларда барлығы 62974 зерттеу жүргізілді.

Жыл басынан бері мемлекеттік шекарадан өткендер ішінен 3 жолаушыдан және 7 жүргізушіден індет табылды.


«Облыста мониторингтік топтар жұмысын жалғастыруда.

Жыл басынан бері 608 рейд жүргізіліп, 5874 нысан тексерілді. 22 нысанда карантин талабын бұзушылық анықталды. 49 хаттама толтырылып, 2,9 млн астам теңгеге айыппұл салынды», - деді Н.Мұстаев.