Батыс Қазақстанда білім ордасы суға кетті

0
562

Қабырғасы 1988 жылы қаланған білім ордасы содан бері күрделі жөндеу көрмеген.


Батыс Қазақстанда білім ордасы суға кетті

ERNUR.KZ. Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында шағын мектеп су астында қалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

"Қабырғасы 1988 жылы қаланған білім ордасы содан бері бір күрделі жөндеу көрмеген. Мектептің бұған дейін жалғанған бөлігін көктемгі қызыл су түгелдей шайып кеткен. Кітаптар мен құжаттар да суға кетті. Қоскөл ауылдық округінің әкімі мен аудандық білім бөлімінен қайран жоқ", – дейді ауыл тұрғындары.

Ал ауыл азаматтары өз техникаларын жұмылдырып, трактормен құм тасып төсеп, қызметкерлер суға кеткен кітап мен құжаттарды өз күшімен құтқаруға тырысты. Ауылды ұстап тұрған білім ордасының шарасыз күйіне налыған мұғалімдер мен тұрғындар шенділерден көмек сұрап шаршады. Атқамінерлер болса, мектептің жабылмай, жұмыс істеп тұрғанын ғана алға тартады.

Айта кетейік, бала саны аз болғасын мектеп ұстаздары мен ата-аналар патронаттық тәрбиеге бала алуды да жоспарлар отыр. Ал шағын ғана мектептің жетістіктері аз емес. Тек биыл оқу жылының ішінде 17 оқушы түрлі аудандық жарыстардан жеңімпаз атанып, облыстан жүлдемен оралды.