Батыс Қазақстанда көлікті мас күйінде жүргізген полицей адам өліміне себепкер болды

0
615

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында полиция бөлімі бастығының орынбасары ішімдік ішкен күйі көлік айдаған.


Батыс Қазақстанда көлікті мас күйінде жүргізген полицей адам өліміне себепкер болды

ERNUR.KZ. Салдарынан жол апаты орын алып, бір адам көз жұмды, деп жазады stan.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, жол апаты 1 желтоқсан күні кешкі сағат 19:00-дің шамасында болған. Орал-Тасқала жолының 46-шы шақырымында Lada Largus пен Hyundai Accent бетпе-бет соқтығысты. Біреуін Теректі ауданына қарайтын ауылдық полиция бөлімі бастығының орынбасары жүргізген.

Жол апаты кезінде бір адам оқиға орнында көз жұмды. Бұдан бөлек, тағы екі адам жарақат алды.

"Бұл шектен шыққан оқиға. Біз марқұмның жақындарына және туған-туыстарына үлкен өкінішпен көңіл айтамыз. Қазіргі кезде қызметтік тергеу шаралары басталды. Басшыларға қатысты тәртіптік жаза қолданылады. Ал жол оқиғасын жасаған қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылады", – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов.

Оның айтуынша, дәл қазір Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша оқиғаның мән-жайын жариялауға болмайды. Алайда полиция департаменті күдіктінің ішкі істер органдарында 20 жыл істеп жүргеніне қарамастан, заң бойынша барлық шараны қолданады.

Қазіргі кезде рөлге мас күйінде отырған полицей қамауға алынды.