Баянауыл әкімі ауыл тұрғындарымен жанжалдасқаны үшін қатаң сөгіс алды

0
568

Түсінбеушіліктің себебі қараусыз жайылып жүрген мал болатын.


Баянауыл әкімі ауыл тұрғындарымен жанжалдасқаны үшін қатаң сөгіс алды

ERNUR.KZ. Ақсан ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісін облыстың әдеп жөніндегі кеңесі қарады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Кенжебек Дүйсенбаев мамыр айының басында Қаражар ауылының тұрғындарымен жанжалдасты. Түсінбеушіліктің себебі қараусыз жайылып жүрген мал болатын. Жанжал таспаланған бейнежазба әлеуметтік желілерде кең тарады. Видеоға қатысты оқиға Баянауыл ауданының әкімдігінде, кейін облыстық әдеп кеңесінде талқыланды.

Кеңес мүшелерінің бірауыздан шешімімен Баянауыл ауданының әкімі Серік Батырғожиновке қарамағындағы адамға тәртіптік жаза – қатаң сөгіс беруді ұсынды.

«Мен өз қателіктерімді толық мойындаймын. Енді менің тарапымнан бұл қайталанбайды. Кешірім өтінемін», – деді Кенжебек Дүйсенбаев.

Оның айтуынша, мал жаю мәселесі шешілді. Үш шопан жұмыс істейді, олардың қызметтерінің құны туралы келісім бар.

«Біз аудан әкімінің, прокурордың, полицияның қатысуымен халықпен жиын өткіздік. Жұрттың ескертуі жоқ. Мен де олардан кешірім сұрадым», – деп түсіндірді ауыл әкімі.