Берік Уәли Президенттің желідегі түнгі жазбасына қатысты пікір білдірді

0
961

Президент табиғат аясындағы ел азаматтарының әдепсіздігін сынаған жазбасын кеше Twitter-де түнгі 1:30 уақытында жариялаған еді.


Берік Уәли Президенттің желідегі түнгі жазбасына қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жұмыс кестесі туралы айтып берді, деп жазады zakon.kz.


Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі өте тығыз. Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың басшыларымен, қоғам өкілдерімен кездесіп, конференциялар өткізіп, жоспарланған іс-шараларға қатысады.

- Қасым-Жомарт Кемелұлы аптасына жеті күн жұмыс істейді деп кесіп айта аламын, туындаған қиындықтарға шұғыл жауап беріп жатады. Дағдарысқа қарсы күнтәртібімен қатар, ол мемлекет дамуының ұзақмерзімді міндеттеріне: экономиканы, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне үлкен көңіл бөледі, - деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, ол Президенттің әлеуметтік желілердегі кейбір жазбаларының неге кеш жарияланатынын да түсіндірді.

- Президенттің Twitter-дегі кейбір жазбалары түнде пайда болатынын дұрыс байқағансыздар. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы ел өміріндегі жағдайларды қалт жібермей қадағалап отырады және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі мәліметтермен танысуға әрқашан уақыт табады. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы қажет деп санаса, онда ол қоғамды елең еткізген маңызды оқиғаларға қатысты өз көзқарасы туралы кез келген уақытта жазба жариялап, қажетті нұсқаулар береді. Жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты кейде мұндай жазбалары кеш шығуы мүмкін екендігі түсінікті болар, - деп түсіндірді ол.

Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев осылайша барлық мемлекеттік қызметшілерге үлгі бола отырып, осы қиын уақытта қалай жұмыс істеу керектігін көрсетеді.

Айта кетсек, Президент табиғат аясындағы ел азаматтарының әдепсіздігін сынаған жазбасын кеше Twitter-де түнгі 1:30 уақытында жариялаған еді.