Құрбан болғандар 1986 жылғы Бестөбе ауылының тұрғыны және 1987 жылғы Ақмола облысы Есіл қаласының тұрғыны екендігі анықталды.
ERNUR.KZ. Ақмола облысындағы Бестөбе кенішінің жұмыс істемейтін шахтасынан заңсыз алтын іздеушілер шахтада қаза тапқан екі адамның денесін жер бетіне шығармақ болды, деп жазады sputnik.kz.
Кәсіпорынның қауіпсіздік қызметі операторы "Центральная" оқпанының жүру бөлімшесінде заңсыз алтын іздеушілер жер бетіне шығуға тырысып жатқаны туралы хабарлады.
"Дәнекерленген шахта кіреберісі қауіпсіздік қызметі мамандары мен Бестөбе ауылы полиция қызметкерлерінің көз алдында ашылды. Шахтадан жер бетіне екі мәйіт салынған қапшық шығарғысы келген заңсыз алтын іздеуші, жақын жердегі Бестөбе ауылының 1990 жылғы тұрғыны шықты. Куәгердің айтуынша, қаза тапқан екі ер адам шахтаның 520-шы деңгейінде тау жыныстары астында басылып қалған", - делінген хабарламада.
Заңсыз алтын өндіру құрбандары 1986 жылғы Бестөбе ауылының тұрғыны және 1987 жылғы Ақмола облысы Есіл қаласының тұрғыны екендігі анықталды.
Еске сала кетейік, осы жылдың 10 қаңтарында жұмыс істемейтін Бестөбе шахтасында заңсыз алтын өндірумен айналысқан ер адам қаза тапқан болатын.
Жалпы, 2022 жылы Бестөбе кенішінде заңсыз алтын өндірумен айналысқан 1000-ға жуық адам ұсталып, полицияға тапсырылды, оның 240-ы жақын маңдағы Бестөбе ауылының тұрғыны.
Кәсіпорын 2021 жылдың жазынан бері жұмыс істемейді. Өткен жылдың күзінен бастап шахтада бұрын жабдықтың жұмысын тексеруге жауапты болған қызметкерлер жұмыс істемейді. Телефон байланысы мен электр қуаты ажыратылды, желдету тоқтатылды, шахталардың оқпандары жабылды, жүру бөлімшелерінің қақпалары дәнекерленді, есіктері мөрленіп, күзетке тапсырылды, ауа желдету жұмыс істемейді, көтергіш қондырғылар тоқтатылды.
Шахта оқпандары арқылы кіру мүмкін емес, олар дәнекерленіп жабылды, көтеріп-түсіру торлары жер бетіне шығарылды, барлық кіреберіс күзет бақылауында.