Қала тұрғындары бетпердені дұрыс тақпадың деп айыппұл салғанға келіспейді.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны құрылыс дүкеніне барып, 83 мың теңге айыппұл арқалап қайтты. Азамат бірнеше рет пайдалануға болатын маска таққаны үшін осындай жауапқа тартылған. Бұған шамданған ер адам бейнеүндеу жариялады. Ал денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері болса, бетперде тақпаған жандарға бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін ғана жаза қолданылатынын айтып отыр, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.
Алайда қала тұрғындары бетпердені дұрыс тақпадың деп айыппұл салғанға келіспейді. Талап баршаға ортақ болғанымен, оны жоғары-төмен, немесе жартылай тақтың деп жауапқа тартқан жөнсіз, қарапайым халықтың да жағдайы мен мүмкіндігін де ескеру керек деген пікірде.
Құрылыс дүкенінде болған жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі пікір білдірді. Сала басшысының бұйрығына сәйкес, барша азаматтар карантин уақытында бір рет пайдаланатын бетперде киюі керек екен. Көп реттік маскаларға да тыйым салыбаған. Тек ол матадан тігілуі тиіс.
"Негізі азаматтың бетпердесі жоқ болса, оған мониторингтік топтың адамдары ескерту жасаулары керек. Егер ұмытып кетсе, ескерту жасалады. Егер қолында бола тұра оған ұсынған бетпердені кигісі келмесе тек қана сол кезде ғана айыппұл салынады" - дейді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.