Алғашқы тоқсан 5 қарашада аяқталады.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде 2021 жылы оқушыларды қашықтан оқыту форматы жалғасатыны жайлы ақпарат тараған еді. Білім және ғылым министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Алғашқы тоқсан 5 қарашада аяқталады. Санитариялық дәрігерлердің талаптары бойынша оқушылар негізінен қашықтан оқуда. Ата-аналардың талап-тілектері бойынша 1-4 сынып оқушылары санитариялық талаптардың сақталуымен кезекші сыныптарда білім алып жатыр. Бір сыныпта оқушылардың саны 15-тен аспауы керек. Екінші тоқсан бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтіп отырмыз. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер тиісті қаулы шығарады. Денсаулық сақтау министрлігінен шешім шыққаннан кейін оны бірден хабарлайтын боламыз», - деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек.
Оның айтуынша, карантин шектеулері жағдайында оқыту форматы туралы шешімді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қабылдайды.
«Мектеп жұмысының форматы кинотеатрлар, сауда орталықтары, фитнес-орталықтар секілді санитариялық дәрігерлердің шешімі мен эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады. Тек шынайы ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат таратқан адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», - дейді Гаухар Омарбек.