Министрлік өкілі өзінің қызметтегі әрекеті кейбіреулерге тиімсіз болған деген болжам жасайды.
ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари өзін жемқор деп айыптаған жандардың әрекетін «медиабопса», деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасына жазды.
«Бұған дейін бірқатар БАҚ-та мені және әріптестерімді сыбайлас жемқорлыққа және лауазымын теріс мақсатта пайдаланды деп айыптаған ақпарат пайда болған. Мемлекеттік қызмет туралы Заңның 52-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшіге көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол мұндай айып тағылған күннен бастап бір ай мерзімде теріске шығару жөнінде шаралар қолданылуы тиіс. Маған бағытталған тексеру аяқталды (құжатты қоса салып отырмын). Сәйкесінше, А. Қайырбекованың маған таққан айыптарының бәрі негізсіз», - дейді вице-министр.
Рүстем Биғари өз жазбасында оқиғаның қалай өрбігенін қайтадан еске алып, өзінің бұл лауазымға орналасқан күннен бастап қандай оқиғаларды бастан өткергенін баяндаған.
«Сол кезде біз кемшіліктерді жою және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету үшін ҰБДБ сынағынан өту сияқты тез, тиімді және шығынсыз (мәлімделген 89 млн теңге екі есе қысқартылды) талдау жүргіздік. Мұны істеу өте маңызды болды, өйткені ОДБ-да елдегі барлық балалар туралы дербес деректер сақталған және ол бөгде қолдарға түсуі мүмкін еді. Сонымен, жоспар дайындалып, 2018 жылдың қыркүйек айында әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментіне тапсырылды. Алайда, департамент талап үстіне талап қосып, рәсімді соза түсті», - деп жазды ол.
Министрлік өкілі бұл айыптауды «медибопса» деп атап, өзінің қызметтегі әрекеті кейбіреулерге тиімсіз болған деген болжам жасайды.
«Мүмкін, кейбіреулерге автоматтандыру процестері мен білім беру жүйесіндегі ашықтық тиімсіз шығар. Бұл «медиабопсаны» жариялауға БАҚ өкілдерінің асықпағанын атап өткім келеді», - деп жазды вице-министр.
Еске салсақ, Рүстем Айдарбекұлы Биғари 2018 маусымда ҚР Білім және ғылым вице-министрі лауазымына тағайындалған болатын.