Бірнеше жыл бойы қызын зорлады деген күдікке ілінген сотталушы ақталып шықты

0
593

Маңғыстауда бірнеше жыл бойы қызын зорлады деп күдікке ілінген сотталушының кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты сот ақтау үкімін шығарды.


Бірнеше жыл бойы қызын зорлады деген күдікке ілінген сотталушы ақталып шықты

ERNUR.KZ. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Ер адамға қатысты іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 2-бөлігі және ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылды.

«Күдікті 2016-2021 жылдар аралығында азғындық жасады және кәмелетке толмаған қызын бірнеше рет зорлады деп айыпталды» делінген баспасөз мәліметінде.

Прокурор мен кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны кінәлі деп тануды және оған 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ, олар сотталушыдан моральдық зиян ретінде 30 000 000 теңге өндіріп алуды сұрады.

Нәтижесінде сот сотталушының кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімін шығарды.

«Сот процесінде сотталушының кінәсі расталмады. Заңды өкілдің, кәмелетке толмаған жәбірленушінің, сондай-ақ кәмелетке толмаған куәның айғақтары іс бойынша жиналған дәлелдермен, атап айтқанда сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен теріске шығарылды. Ақталғандарға қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартудан келтірілген зиянды өтеу құқығы түсіндірілді», - деді соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.