Биыл ҰБТ-дан 137 балл жинаған талапкер мұғалім болуды армандайды

0
505

Түлек ҰБТ-ны электронды форматта тапсырудың артықшылықтарына тоқталып өтті.


Биыл ҰБТ-дан 137 балл жинаған талапкер мұғалім болуды армандайды

ERNUR.KZ. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл жинаған қарағандылық мектеп түлегі Әділсамат Әбітаев құрдастарына жетістігінің сырымен бөлісіп, ҰБТ-ны электронды форматта тапсырудың артықшылығын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір түлектің өміріндегі маңызды қадам. Дегенмен, негізгі мақсат – ҰБТ-ны жақсы тапсыру ғана емес, бастысы – өмірде өз орныңды тауып, табысты тұлға болу. ҰБТ-ның барлық сұрағы мектеп бағдарламасы бойынша дайындалған. Көптеген тест сұрақтарына оңай жауап беруге болады. Аудиторияда сізді алаңдатып, көмек сұрайтын балалардың болуы да әбден мүмкін. Оларға айтар басты кеңесім: адам баласы қандай жағдай болмасын, тек өз күшіне ғана сенуі тиіс», – дейді Қарағанды қаласындағы №61 жалпы білім беретін мектептің түлегі Әділсамат Әбітаев.

Сонымен қатар ол ҰБТ-ны электронды форматта тапсырудың артықшылықтарына да тоқталып өтті.

«Талапкерлер үшін тестілеу аяқталғанға дейін жауаптарын өзгертіп, алдыңғы сұрақтарға оралу мүмкіндігі бар. Егер бұрын тест тапсырушылар жауап парақтарын бояуға көп уақыт жұмсаса, қазір олай емес. Бұрын сканермен тексеру кезінде дұрыс толтырылмаған жауап нұсқаларының есептелмей қалуы сияқты жағдайлар орын алатын. Электрондық форматтың арқасында біз өз нәтижелерімізді ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден білдік. Менің кейбір таныстарым тестілеу аяқталғаннан кейін бірден апелляцияға берді. Бұл олардың уақытын айтарлықтай үнемдеді. Ең бастысы – енді түлектер екі мәрте бақтарын сынай алады. Әрине, бұл жаңалықты біз үлкен қуанышпен қабылдадық», – деді ол.