Биылғы оқу жылында мұғалімнің жүктемесі 2 сағатқа азаяды

0
505

Шығыс Қазақстанда алдағы оқу кезеңіндегі негізгі міндеттер айқындалды.


Биылғы оқу жылында мұғалімнің жүктемесі 2 сағатқа азаяды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» атты тамыз конференциясы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Жиын барысында өткен оқу жылының қорытындылары талқыланып, алдағы оқу кезеңіндегі негізгі міндеттер айқындалды.

«Облыста 796 балабақша мен шағын орталық бар. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 100%. Жыл басынан бері 5 балабақша іске қосылған. Орта білімге қатысты айтар болсақ, өңірде 193 553 оқушы білім алып, 24 045 педагог жұмыс істейтін 647 мектеп бар. Барлық білім ордалары оқушыларды қабылдауға дайын. Бірінші сыныпқа баратын балалар үшін дәстүрлі түрде алғашқы қоңырау соғылады», - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Барлық мектептер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқытудың әртүрлі форматына (дәстүрлі, аралас, қашықтан) кірісуге әзір. 1 қыркүйекте 2-11 сыныптарға ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің жетістіктері» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілмек.

«Мұғалімдердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа дейін төмендейді. Ал сабақтың ұзақтығы 45 минут болады. Барлық білім беру ұйымдарында цифрлық платформаларға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Мысалы, 1-11 сынып оқушылары Білім және ғылым министрлігі ұсынған мазмұнды платформаларды пайдаланатын болады», - деді Сайрангүл Жұмаділова.

Конференция барысында пандемия кезінде көрсеткен қолдауы үшін оқу орындарының әлеуметтік серіктестері, 2020-2021 оқу жылында жоғары нәтижелерге қол жеткізген педагогтар, студенттер мен оқушылар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.