Бизнесмен бұзақылық жасады деген күдікке ілінді

0
1 139

Жігіттің әкесі Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желіге баласының суретін салып, оны қаладағы белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиев ұрды деп хабарлаған


Бизнесмен бұзақылық жасады деген күдікке ілінді

ERNUR.KZ. Бизнесмен Қайрат Жамалиев бұзақылық жасады деген күдікке ілінді. Бұл мәліметті Астана қалалық Полиция департаментіндегілер растады, деп жазады Tengrinews.

"Полицейлер Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша ("Бұзақылық") сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындады. Тергеу изоляторына (күдікті - автор) қамалған жоқ", - делінген Полиция департаментіндегілердің редакция жолдаған сауалхатқа берген жауабында.

Құқық қорғау органдарының өкілдері басқа мәлімет бермеді. Еске сала кетейік, биыл шілдеде Қайрат Жамалиев бостандыққа шыққан болатын. 23 мамырда Ақмола облысы Көкшетау қалалық соты Қайрат Жамалиевтің өтiнiшiн қараған еді. Кейінірек сотталушының өтiнiшi барлық тараптан қолдау тауып, мерзім өтеудің орнына 862 мың 193 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге өзгертілген болатын.

Қайрат Жамалиев 2015 жылдың тамызында 13 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сот оның барлық мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған болатын. Оның ішінде ЖШС-дағы үлесі, банктегі есепшоттары және бірнеше көлік бар. Кейін Қайрат Жамалиевтің өтінішімен кассациялық инстация жәбірленуші Әліби Жұмағұловтың пікірін есепке ала отырып, сотталушының әрекетін басқа бапқа ауыстырған. Осылайша Жамалиевтің жаза мерзімі 13 жылдан 7 жылға азайтылған еді. "Әліби ісі" әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар мен видеолардан кейін бүкіл елге белгілі болған еді.

2015 жылдың сәуірінде Әліби Жұмағұловтың әкесі соққыға жығылған баласының суреттерін жариялаған болатын. Жігіттің әкесі Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желіге баласының суретін салып, оны қаладағы белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиев ұрды деп хабарлаған еді.