БҚО-да тасқын су шайып кеткен соң бірнеше көлік жолы жабылды

0
1 341

Жәнібек ауданында сағат 19.00-де жергілікті маңызы бар Жәнібек-Талов жолының бірнеше жерін тасқын су басты


БҚО-да тасқын су шайып кеткен соң бірнеше көлік жолы жабылды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында тасқын су шайып кеткен бірнеше автокөлік жолы жабылды, деп жазады inform.kz.

БҚО ТЖ департаментінің жедел штабы мәлім еткеніндей, Шыңғырлау ауданында аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Шоқтыбай жолының 8-шақырымын еріген қар суы шайып кетті. Шыңғырлау-Талдысай жолының 3-шақырымында да осындай оқиға тіркелді. Сол секілді 2 сәуір сағат 16.30-да облыстық маңызы бар Бөрлі-Ақсай-Жымпиты автожолын (87-шақырымында) су басты. Қызмет көрсетуші ұйымның күшімен кезекшілік ұйымдастырылды.

Теректі ауданында жергілікті маңызы бар Сарыөмір-Дуана жолын да су шайды. Соның салдарынан аталмыш жолдар барлық көлік түрлері үшін жабылды. Сондай-ақ 2 сәуір күні сағат 17.00-де Теректі ауданы Долинный ауылы тұсында республикалық маңызы бар Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолынан су асып кетті. Ағын суды тоқтату үшін тиісті жұмыстар жасалды. Жол қатынасында іркіліс болған жоқ. Сағат 23.25-те тасқын су тыйылды.

Жәнібек ауданында сағат 19.00-де жергілікті маңызы бар Жәнібек-Талов жолының бірнеше жерін тасқын су басты. Бұл жолмен жүк талғамайтын көліктер жүре алады. Облыста күннің күрт жылынып, қардың еруіне, сондай-ақ өзендерде су деңгейінің көтерілуіне байланысты күрделі жағдай қалыпттасып отыр. Қазіргі кезде бес ауданда көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарға 267 адам (51 техника, 6 жүзу құралы, 13 мотопомпа) жұмылдырылды. БҚО-ның Тасқала ауданына Маңғыстау облысынан да көмек келді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланғанын, 170-тен астам тұрғын үйді су басқанын жазған болатынбыз.