"Болашақ" түлегі ағылшын тілін үйрететін бағдарлама жасап шығарды

0
574

Тілдік дағдыны дамытатын жобаны әзірлеу үшін ол бірнеше оқу-әдістемелік құралын зерттеген.


ERNUR.KZ. "Болашақ" бағдарламасының түлегі ауыл балаларына ағылшын тілін үйрететін авторлық бағдарлама жасап шығарды, деп жазады sputnik.kz.
Тілдік дағдыны дамытатын жобаны әзірлеу үшін ол бірнеше оқу-әдістемелік құралын зерттеген. Сөйткен еңбегі еш кетпепті. Қазір оқушылары аудан бойынша озық тұр.
Бақытгүл Бейсетбаева 13 жылдан бері ұстаздық етеді. Ол өзі жұмыс істейтін Жүрімбек Сыдықов атындағы мектептің 2005 жылғы түлегі. Жоғары білімді Қырғызстанда, ал магистратураны "Болашақ" бағдарламасымен Англияда оқыған білікті маманға кезінде түрлі лауазымды қызмет ұсынылыпты. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі соның бәрінен бас тартып, туған ауылында қалуды жөн санаған.
"Қай жерде жүрсем де еліме көмек көрсетемін деген ұстанымым бар. Өз мектебімді жаңғырып, осы балалардың деңгейін көтеруге үлесімді қосқым келеді", - дейді Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытгүл Бейсетбаева.
"Болашақ" бағдарламасының түлегі оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, оқу әдістемелік құралдарды зерттеген. Сол арқылы "English ауылда" жобасына қатысып жеңімпаз атанды. Әрі ауыл балаларына шет тілін үйретудің авторлық бағдарламасын жасап шығарды.
"Оқу жылы басталғанда оқушылардан диагностикалық тест аламыз. Басында, ортасында тест алып, мониторинг жасап отырамыз. Одан кейін мұғалімдерге көмек ретінде әдіс-тәсілдермен жұмыс істейміз. Оқушыны бір сабақтан бір-екі сөйлемді біліп шығу керек. Осы жұмыстардың барлығы жасалды. Енді осы жұмыстарды министрлікке ұсынбақпыз", - дейді Бақытгүл Бейсетбаева.
Жүрінбек Сыдықов атындағы мектепте балалардың қарым қабілетін ашуға бағытталған тоғыз жоба жүзеге асып жатыр. Соның аясында қосымша факултативті сабақ өтетін "Жас өрт сөндіруші" кадет сыныбы ашылды. Білім ордасында өзге де бастамалар қолға алынған.
"Ол "Біз таңдаған тоғыз қадам" деп аталады. "English ауылда" жобасы бойынша Бақытгүл Төлегенқызының жұмысы осы бағдарламаның ішіндегі стратегиялық бағыт болған. Сол тоғыз қадаммен жұмыс істеп, "Дарынды балалар", "Талантты ұстазға дарынды оқушы" секілді әрбір бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр", - дейді Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің директоры Әділжан Сыздықбаев.

Мектепте ағылшын тілінен сегіз мұғалім сабақ береді. Олардың шәкірттері былтырғы ҰБТ-да аудан бойынша ең жақсы көрсеткішке қол жеткізді.