Бұл жайлы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
ERNUR.KZ. Қазақстан құтқарушыларының кәсіби мерекесі, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Қазақстан Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы №2541 жарлығымен елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.
«Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі –Құтқарушылар күні.
ТЖК қызметкерлері – бұл өрт сөндірушілер, құтқарушылар, ұшқыштар, дәрігерлер, психологтар, кинологтар. Олар төтенше жағдайларды жояды, өртті сөндіреді, құтқару операцияларын жүргізеді, адамдар мен жануарларды, мүлікті құтқарады», делінген хабарламада.
Құтқарушылар қызметі жұмыс істеген жылдары (1995 жылдан бастап 2019 жыл аралығында) 1 млн 312 мың рет төтенше жағдайлар мен өрттерге барған. Олар 362 мыңнан астам адамды құтқарды, әртүрлі төтенше жағдайлар аймағынан 315 мың адамд эвакуациялады, 52 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетті.
Жыл сайын елімізде өртке қарсы қызмет, жедел-құтқару жасақтары, апаттар медицинасы орталығы өртке және жануға, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 60 мыңнан астам рет барады, кемінде 10 мыңнан астам адам құтқарылады.
Бұл ретте, өрт сөндірушілер 15 мыңға дейін әртүрлі өртті сөндіріп, тілсіз жаудан 4 мыңға дейін адамды құтқарады, суда құтқарушылар 600 адамға көмек көрсетеді, тау учаскелерінде 200-ге дейін адасқан туристі жедел эвакуациялайды, құтқару авиациясы іздестіру-құтқару жұмыстарына, өрттерді сөндіруге және жеке құрамды жеткізуге 900-ге жуық рет ұшып шығады.
2019 жылдың басынан бастап құтқару бөлімшелері өртке және авариялық-құтқару жұмыстарына 60,8 мың рет барды. 9 мың адам құтқарылды, төтенше жағдайлар аймағынан 17,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды, шамамен 4 мың зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, ТЖК құтқару авиациясы жоғары жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. Тасқынға ұшыраған аумақтарды, сел қаупі бар учаскелерді және көлдерді аэровизуалды аралау және тексеру жүргізілді. Тікұшақтар Қазселденқорғау техникасы мен жабдықтарын биік таулы бекеттер мен көлдерге, аса қауіпті мұздық көлдерде инженерлік іс-шараларды өткізу аймағына жеткізді.
Құтқару авиациясының тиімділігі де өрт сөндіруде көмегі зор, жыл басынан бері тікұшақтар еліміздің түрлі өңірлерінде ірі табиғи және басқа да өрттерді сөндіруге, сондай-ақ халықаралық құтқару операцияларына бірнеше рет тартылды.
Қазселденқорғаумен қар көшкін мен селдердің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізді. Қысқы-көктемгі кезеңде Алматы қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 87 қар көшкінін алдын ала түсіру жүргізілді, қар массасының жалпы көлемі 250,3 мың текше метрді құрады. Сонымен қатар, 1 899 қар тоқтататын қалқан жасалып, көшкін қаупі бар учаскелерде 95 ақпараттық және ескерту белгісі қойылды.
Жылдың басынан бері Апаттар медицинасы орталығының бригадалары 2,5 мыңға жуық жолға шықты, 1 мың зардап шеккенге медициналық көмек көрсетті. Республикалық трассалардың авариялық учаскелерінде тәулік бойы ЖКО-да зардап шеккендерге 40 күрежол медициналық-құтқару пункті көмек көрсетеді. Биыл осы бригадалар, 1,2 мың адамды эвакуациялады, 2,3 мың зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті.
Кинологиялық бөлімшелерді дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, олар барлық өңірлерде бар. Қызметтік иттер адасқан туристерді, аңшыларды, бақташыларды, жоғалған адамдарды және техногендік ортада ТЖ кезінде зардап шеккендерді іздеуге қатысады.
ҚР Тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасының артуы» атты Жолдауын, Үкіметтің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 897 қаулысымен бекітілген «2019-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасын» іске асыру шеңберінде азаматтық қорғау органдарын жаңғырту жүргізілді. Нәтижесінде, ТЖК ведомстволық бағынысты 53 мемлекеттік мекеменің 38-і қалды.
Қазақстан Республикасының Президенті К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауында Азаматтық қорғау органдарында қызмет өткеру жағдайларын жақсарту көзделген. Осыған байланысты 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру жоспарланған, олардың саны 19 мыңнан асады.
«Бүгін біз ТЖК қызметкерлеріне, жанқиярлық еңбегімен, еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға үлесін қосқандардың барлығына құрмет көрсетеміз. Күн сайын қиын жағдайда тәуекелге бел буатын құтқарушылар азаматтарымыздың өмірі мен мүлкін құтқарады. Олардың кәсібилігі, жеделдігі мен ерлігі қазақстандықтарға төтенше жағдайларда қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Азаматтық қорғау қызметінің қызметкерлерінен апаттарға қарсы тұру үшін әрқашан әзірлік талап етіледі. Құтқарушылар тіпті бейбіт күндері де адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін күресуде алдыңғы қатарда болады. Тек ең батыл, қайсар және ержүрек азаматтар ғана құтқарушы қызметін таңдайды», делінген хабарламада.