Мамандар қауіптің алдын алуға шақырады.
иллюстрациялық фото
Былтыр 8 мыңға жуық қазақстандық жас жайлы өмір іздеп өзге мемлекетке аттанған. Өйткені, біздің елде жалақы аз дейді. Сарапшылар мұндай құбылыстың болашақ үшін қауіпті екенін айтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Сенатор Динар Нөкетаеваның дерегінше, былтыр шетелге жұмысқа кеткен жастардың саны 8,9 процентке өскен. Депутат осыған алаңдаулы. Ол қазақ "гастарбайтерлерінің" үлкен армиясы құрылып жатқанын айтады.
«Жастарымыз Қазақстаннан өзіне лайықты жұмыс таппай, өзін және отбасын асырай алмай, жақын және алыс шетелдерге жұмыс істеуге көптеп кететін болды. Былтыр елімізден 18 бен 35 жас аралығын құрайтын 7,5 мыңға жуық қазақстандық елден кеткен», - деді сенатор Динар Нөкетаева.
Әлеуметтанушы Нұрлан Байғабылов та жастардың шетелге жұмысқа аттанып жатқанын құп көрмейді. Оның пайымынша бұған жалақы, жұмыссыздық қана емес, басқа факторлар да әсер етіп отыр.
«Әрине, ұзақ уақытқа көшіп кету, сол жаққа тұрғылықты қоныс аудару мемлекет үшін кері әсер етеді. Және де өзінің кәсіби әлеуеттігін, потенциалын толық жүзеге асыру мақсатында шетел олар үшін тартымды болып саналады», - дейді әдеуметтанушы Нұрлан Байғабылов.
Мамандар қауіптің алдын алуға шақырады. Жалақының аздығы жас жұбайлардың ажырасуына да үлкен себеп болып отырғанын айтады. Сондықтан бұл мәселені мықтап қолға алған жөн дейді.