Ларгус автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі ара қашықтықты сақтамай, жылдамдықты асырып, ДАФ жүк көлігінің артына соғылған.
ERNUR.KZ. Қобда ауданында жол апатынан аман қалған екі мұғалімге шұғыл түрде ота жасалған, деп жазады zakon.kz.
Жол апатынан кейін олар бірден ауруханаға жеткізілген.
"Ларгус автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі ара қашықтықты сақтамай, жылдамдықты асырып, ДАФ жүк көлігінің артына соғылған. Үш адам оқиға орнында қаза тапты. Төрт адам аудандық ауруханаға жеткізілді", - деді Ақтөбе облысы ПД бөлім бастығы Еркін Өтегенов.
Бір жолаушы ауруханаға түскен бойда көз жұмған. Жеңіл көлікте Орал қаласының мектебінде жұмыс істейтін мұғалімдер болыпты. Олар Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының бірінде сырттай оқыған. Енді диплом алуы керек екен. Сол үшін такси жалдап, бәрі бірге шыққан. Аман қалған 27 жастағы жүргізуші мен екі мұғалім қазір облыстық ауруханада жатыр. Сүйектері сынып, жансақтау бөліміне түскен.
"Тексеруден кейін екі науқасқа ота жасалды. Біреуінің қабырғалары сынған, оң жақ иығы да сынған. екіншісінің де оң жақ иығын түзеп, тізе маңындағы еттерін тігу керек болды. Қазір үш науқас та жансақтау бөлімінде. Тұрақты, ауыр деп бағаланады жағдайлары", - деді Травматолог дәрігер Жасұлан Орынбаев.
Үшінші науқас - мұғалімдерді тасыған LADA Largus жүргізушісі. Оның оң жақ аяғы сынған.
Айта кетсек, 1 маусымда Самара - Шымкент тас жолының 594 шақырымында жол апаты орын алып, оқиға орнында үш адам қаза тапты. Тағы төрт адам ауруханаға түсіп, көп ұзамай олардың бірі көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмдардың барлығы Ақтөбеге диплом алуға бара жатқан мұғалімдер екені анықталды.