Вице-министр маскалар 2020 жылдың наурызында неге күрт қымбаттағанын түсіндірді.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық маскалардың бағасын төмендету үшін өндірушілермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы онлайн-брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, шикізат бағасының өсуіне байланысты маскалар құны бұрынғыдай болмайды.
"Осыдан кейін нарықтар ашылып, шикізат пайда болды, бірақ бәрібір қымбаттады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі шикізат 20-25 есеге қымбаттағанын хабарлады. Маска құны бұрынғы 15 теңгеге оралмайды. Бірақ біз бағаны төмендету үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жақын арада бағасын 60 теңге шамасында азайтатын шығармыз", - деді Людмила Бұйрабекова.
Сонымен қатар, вице-министр маскалар 2020 жылдың наурызында неге күрт қымбаттағанын түсіндірді.
"Ақпанда маска құны 15 теңге болған, бірақ есіңізде болса, бұл кезде пандемия өршіп тұрған. Барлық ел, соның ішінде Қазақстан да жеке қорғаныс құралдарын сыртқа шығаруды тоқтатты. Бірақ біз импортқа тәуелдіміз, Қытайдан әкелінген шикізатқа тәуелдіміз. Сол кезде шикізат қолжетімсіз еді, ал өндірушілер медициналық ұйымдармен келісім-шарт бойынша жұмыс істеді. Сол уақытта шынымен бетпердеге тапшылық болды. Сонда біз СІМ-мен бірге процестерді автоматтандыру үшін жабдық әкелуге көмектестік.
Бұдан басқа, бірыңғай дистрибьютор ұзақ мерзімді шарттар конкурсының қорытындысын шығарады. Бізде маска өндірушілердің саны артады. Мемлекет бетперде бағасын реттемейді. Ал төтенше жағдай режимінде мемлекеттік комиссия нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін ғана шекті бағаны белгілеген болатын. Онда да алыпсатарлар болған. Сондықтан бағаны 118 теңге қылу шешімі қабылданды", - деді ол.