ҚР мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жекешелендіруге шығарылған ірі нысандарды сату кезінде туындап отырған бірқатар мәселені атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан
фото: parlam.kz
ҚР мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жекешелендіруге шығарылған ірі нысандарды сату кезінде туындап отырған бірқатар мәселені атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан
"Самұрық-Қазына" ұлттық қорының 7 ірі компаниясын 2020 жылдың соңына дейін ІРО-ға шығару жоспарланып отыр және олардың сатылуына алдын ала мұқият дайындалу керек. Сондықтан "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ мен "Қазагроқаржы" АҚ-ны жекешелендіруде қаржы министрлігі, "Самұрық-Қазына" және "Бәйтерек" ұлттық холдингтерімен бірлесіп, бұл мәселені тағы да пысықтау қажет. Өйткені "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" шамамен 520 миллиард теңгедей бір миллионнан асатын салымшының қаражаты бар. Банктің активі де қазіргі таңда 768 миллиард болып отыр. Сондықтан да жекешелендіргенде кредит беру шарттары өзгермей ме деген орынды сұрақ туындайды. Салымшылар үшін мемлекеттік сыйақы төлеудің тағдыры не болады?", — деп алаңдады Сабильянов мәжілістегі үкімет сағатында.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда біздегі көптеген жекеменшік банктің жұмыс істеу тәсілі тиімді емес. Мемлекеттік банктен жақсы жұмыс істеп жатыр деп айтуға болмайды.
Депутат "Қазагроқаржы" АҚ-ны жекешелендіруге де баса мән беру керектігін атап өтті. Себебі бұл нысанды да сатуда бірқатар мәселе бар.
"Қазагроқаржы" АҚ несие портфелі 237 миллиард теңгені құрап отыр. Оның ішінде 72 млрд теңге Ұлттық қордан берілген қаражат. Осыған байланысты мынаны нақтылау қажет: бұл ақшаның тағдыры қалай болады және ол қаржы қайтарыла ма? "Қазагроқаржы" АҚ-ның қазіргі кездегі қарызданушыларының тағдыры қалай болмақ? Өйткені қазіргі уақытта олардың саны 6,5 мың болып отыр. Осыған байанысты мемлекеттік органдар ұлттық басқарушы холдингтермен бірлесіп, банк салымшылары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерін қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажет", — деп атап өтті ол.