Депутаттар Tik-Tok әлеуметтік желісін жасөспірімдер арасында тыйым салуды ұсынды

0
665

Сондай-ақ депутат балалар арасындағы жантүршігерлік жағдайларды жасырып қалуға ұмытылып отырған жауапты органдарды сынға алды.


Депутаттар Tik-Tok әлеуметтік желісін жасөспірімдер арасында тыйым салуды ұсынды

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында депутат жасөспірімдер арасында жантүршігерлік тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткенін айта келе, Tik-Tok әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салуд ұсынды, деп жазады zakon.kz.

Депутаттың сөзінше, жасөспірімдер арасында тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткені – мектептерде, отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғандығын көрсетеді.

Tik-Tok әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек, - деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.

Сондай-ақ депутат балалар арасындағы жантүршігерлік жағдайларды жасырып қалуға ұмытылып отырған жауапты органдарды сынға алды.

"Жанымызды түршіктірген, санамызды сілкіндірген Түркістандағы мектеп оқушысының өзекті өртер өкінішті өлімі, Қазалыдағы қатты соққылардан комаға түскен баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің азғындық әрекеті, Өскемендегі топ құрып алып өрімдей қызды шешіндіріп қойып аяусыз сабап жатқан тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті әрекеттері – бүгінгі дабыл қағып сөйлеуімнің негізгі себебі. Осы оқиғалар болған жерлердегі жауапты органдардың шындықты жасырып қалуға ұмтылуы халықтың наразылығын туғызып, көңілге үрей ұялатып отыр. Әлеуметтік желілерде ел дүрлгіп, жаңғырығы жалпақ жұртқа жайылғанда ғана ресми органдар тарапынан осы оқиғалардың ақиқаты айтыла бастады", деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.

Ал, осы іспеттес оқиғалардың қаншасы жабулы қазан күйінде қалып жатқаны бізге беймәлім.

Депутат ұрпақ тәрбиесінде жіберген қателіктердің түп – тамыры тереңде деп есептейді.

"Нақтырақ айтсам: өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата - анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, коледждер мен жоғарғы оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда,қоғамдық әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте", - деді Аманжол Әлтаев.

Бұл ретте ол елімізде ізгілікті, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптастыру қажет деп есептейтінін айтты.

Бұл үшін:

  1. Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім - тәрбиеге негізделген ұлттық идеология қалыптасуы тиіс.
  2. AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасындағы "Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы" концепциясының негізінде, Үкімет аталған жұмыстарды пысықтап іске асыруы қажет.
  3. Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық - әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан - жақты, әрі шын бағалануы тиіс.
  4. Ішкі істер министрлігі кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызыметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды.
  5. Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауға тиіс.