Димаштың Беларусьтегі фанаттары концерттен 4 ай бұрын дүрбелең тудырды

0
797

Келесі жылдың 4 сәуірінде Беларусь елінде өтетін концертке жыл соңында дейін бірде-бір билет қалмайтын түрі бар.


Димаштың Беларусьтегі фанаттары концерттен 4 ай бұрын дүрбелең тудырды

ERNUR.KZ. Беларусь Димаш Кұдайбергеннің алғашқы жеке концертін асыға күтіп отыр. Бұл шараға әлі 4 ай уақыт бар екенін қарамастан, билеттер саудаға түскеннен-ақ әншінің тыңдармандары тәуір орындарды сатып алып қойған, деп жазады sputniknews.kz.

4 сәуірде өтетін концертті ұйымдастырушылардың болжауынша, жыл аяғына дейін бірде-бір билет қалмайтын түрі бар.
Кезінде Димаштың жолын ашып, жұлдызының жануына тап осы ел серпін берді.
Әншінің айтуынша бала кезінен "Славян базарында" ән шырқауды мақсат тұтқан екен. Димаштың осы арманы 2015 жылы орындалды. Сол кезде жас әншіміз өзге елдерден келген бақталастарының арасында топ жарып, жеңіске жетті.
"Мен үшін бұл жердің орны бөлек, өйткені 4 жыл бұрын "Славян базарында" гран-при ұтып, содан өрлеу жолым басталған", - дейді Димаш Құдайберген.
Димаштың кейін де Беларусь елімен байланысы ажыраған жоқ. "Славян базары" сайысының қазылар алқасында төрешілік етіп, биыл Минскте өткен Еуропалық ойындардың ашылу салтанатына қатысты. Дегенмен, беларусьтік жанкүйерлер сүйікті әншісінің толық концертін көргісі келген еді.
"Біз осы концертті асыға күттік, әрине, жариялағаннан кейін бірден оған билет сатып алдық. Өзіміздің чатымыз бар, онда барлық мәселені талқылаймыз", - дейді Беларусьтегі Димаш фан-клубының мүшесі Мила Случиц.
Бүгінде Беларусьтегі Димаш фан-клубына 2 мыңдай адам мүше. Оның ішінде Гомельден Брестке дейінгі бүкіл ел аумағының тұрғындары бар. Көпшілігі Димаш өнері арқылы өздері үшін жаңа ел – Қазақстанды таныған нәзік жандылар.
"Қай елге барса да, Димаш көрермендерді қазақ мәдениетімен таныстыруға тырысады. Оның арқасында Қазақстанды тани бастадым. Жаңа жыл қарсаңы қиял орындалатын кез ғой, мен келесі жылы Қазақстанға баруды армандап отырмын", - дейді Димаштың фанаттарының бірі.
Тағы бір тыңдарманы оның кім екенін түсіну үшін концертіне баруға кеңес берді.
"Сонда бәрін білесіз, қауыммен қалай тілдесетінін көрсеңіз – бұл сүйіспеншілік пен өнер сиқыры", - деп атап өтті ол.
"Концертінде қытайлар өз тілінде, ағылшындар өз тілінде Димашқа қосылып ән айтады. Осындай дүниежүзілік бауырластық бар. Грэмми болмаса да, Нобельдің бейбітшілік сыйлығына Димашты міндетті түрде ұсыну керек", - дейді Димаш фан-клубының мүшесі.
Димаштың Беларусьтегі гастролін ұйымдастыру үшін бірнеше концерт агенттігі бәсекеге түскені белгілі. Билеттерге сұраныс жоғары болғандықтан, ұйымдастырушылар залға қосымша орындар жасақтауы мүмкін. Жалпы концерт өтетін "Минск-Арена" сахнасы 15 мың көрерменге арналған.