Үкімет соңғы күндері қалыптасқан негізгі азық-түліктің, соның ішінде картоп бағасын қымбаттатпаудың жолын таба алмады.
ERNUR.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин азық-түлік бағасының шарықтауына байланысты Досаевтың орынбасарына шүйлікті, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Мәжілісте 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды. Ал сұрақ-жауап барысында депутат Данияр Әлімбаев азық-түлік бағасы мен инфляцияға қатысты сұрақ қойды.
Айтуынша, 2020 жылдан бері азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Ең жоғары өсім күнбағыс майы бойынша тіркелген – 33,7%, қант 32,8%, жарма 28,7%, картоп 16,8%, жемістер 14,9%, макарон өнімдері 14,7%, жұмыртқа 10%-ке өскен. Сонымен қатар бензин, электр энергиясы, фармацевтикалық өнімдер, баспана да қымбаттаған. Өкінішке қарай бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Керісінше, қымбаттамаған нәрсені атау оңай тәрізді. Бірақ инфляция деңгейі нысаналы мән шегінде сақталып қалды.
"Осыған байланысты үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтан бағалар мен тарифтердің деңгейін ұстап тұру үшін үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын білгіміз келеді. Ал ұлттық банк төрағасының орынбасары 2021-2025 жылдарға инфляцияның орташа жылдық деңгейін 4-6 пайыз дәлізінде болжауы қандай негізге сүйене жасалғанын түсіндіріп берсе", – деп сұрады Әлімбаев.
Смайылов пандемияның кесірінен азық-түлік, тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде қымбаттағанын атап өтті. Осыған байланысты үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін арнайы жол картасын әзірлеп, іске асырып жатыр. Оның аясында 45 жедел және жүйелі шара көзделген.
"Жол картасы аясында өңірлік тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алу үшін мелекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату қарастырылған. Қазіргі уақытта жергілікті тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар және қосымша 36 мың тоннаға форвардтық шарттар жасалды. Жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде сауда жүйелеріне бағаны ұстау үшін 33 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатты 50 миллард теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Сонымен бірге монополияға қарсы шаралар іске асырылуда, шектеу бағалары енгізілуде", – деді ол.
Вице-премьер азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін арнайы 24 көтерме тарату орталығын салу жоспарда бар екенін атап өтті.
Инфляция Қазақстанда ғана емес, әлемде үдеді
Ал ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляция бойынша мақсат Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленгенін атап өтті. Айтуынша, 2025 жылы инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
"Осы жылы инфляция жалғыз Қазақстанда ғана емес, ол бүкіл әлемде үдеді. Бұл әлемдік экономиканың қалпына келуіне байланысты", – деді ол.
Алайда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екі спикердің де жауабына қанағаттанбады.
"Үкімет пен ұлттық банктің айтып отырған пайыздары дұрыс шығар. Бірақ та экономиканың өскенін халық көруі керек, сезінуі керек. Қалай сезінеді? Азық-түлік арзандап, коммуналдық қызметтер төмендеуі керек, халықтың өмір сапасы жоғары болуы керек. Сонда ғана халық осы пайыздарды қабылдайды. Әйтпесе, сіздердің пайыздарыңыз жай ғана қағаздағы сандар болып қалады. Солай емес пе? Солай. Мұны бүкіл үкімет мүшесі түсінгенін қалаймын", – деді ол.
Осыдан кейін Нығматулин депутаттың сұрағына жауапты "зуылдатып оқып берген" Баймағамбетовке шүйлікті.
"Сізге нақты сұрақ қойылды: сіздің оптимистік болжамыңыз неге негізделген? Экономикалық өсім осындай, біз мынадай салаларға ақша құйып отырмыз, инвестиция тартылып жатыр деп айтпайсыз ба?! Дым жоқ. Статистика комитетінің төрағасы ретінде баяндама жасадыңыз", – деп сынады мәжіліс төрағасы.