Егеуқұйрық көпқабатты үйдің кіребересін жайлап алған

0
975

Жергілікті тұрғындар ПИК-ке шағым түсіріп үлгерген.


Егеуқұйрық көпқабатты үйдің кіребересін жайлап алған

ERNUR.KZ. Павлодар қаласының тұрғыны бесік арбаға кіріп кеткен егеуқұйрықтың өзіне атылып, артынша баласын тістеп ала жаздағанын айтады. Бірақ ешкімге зиянын тигізіп үлгермеген. Тұрғындардың айтуынша, егеуқұйрық көпқабатты үйдің кіребересін жайлап алған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Осыдан үш апта бұрын Александра Галиева әдеттегідей қызымен серуенге шығады. Бөбегін арбаға салған соң тамақ салынған қалтадан қытырлаған дыбыстар естіген.

«Қызыма тамақ салып шыққан қалтаны ашқанымда ішінде үлкен егеуқұйрықтың отырғанын көрдім. Қатты қорыққаннан айғайлап жібердім. Кәдімгі жертөледе жүретін егеуқұйрық екен. Ол қашып кетудің орнына, өзімізге айбат шекті. Енді оның балаларға не істейтінін ойлай беріңіз», - дейді Александра Галиева.

Аталған тұрғын үй кешенін жайлаған егеуқұйрықтар туралы басқа тұрғындар да арызданған. Кеміргіштер негізінен арнайы құбырдан түсетін қоқыстар салынатын жәшіктерді мекен етеді екен.

Жергілікті тұрғындар ПИК-ке шағым түсіріп үлгерген. Ал кооператив қызметкерлері кеміргіштерді улағанын айтады. Кейін олардың жабайы егеуқұйрықтар емес, қолда өскен екеуқұйрық екені анықталған-мыс.

«Кіреберістердің бірінде егеуқұйрықтар пайда болды. Оларды тұрғындардың бірі қолда өсіріп, кейіннен шығарып жіберген сияқты. Шағым түскен бойда біз кеміргіштерді улауға кірістік. Олар бірден өле қоймайды. Бүгінде менің есебім бойынша, 6-7 кеміргіштен бір-екеуі ғана қалды», - дейді қызмет көрсету компаниясының директоры Алексей Косинов.

Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, кеміргіштер – иерсиниоз, лептоспироз, оба сияқты жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы.

Стандартқа сай тұрғындар саны мен нысанның орналасуына қарай өңдеу жиілігі кем дегенде үш айда бір рет болуы керек. Мамандар қолданатын удың мөлшері көппәтерлі үйлер үшін қауіпсіз болып саналады.