БАҚ өкілдері әскери шақыру пунктінен қашқан екеудің бірі танымал футболшы екенін хабарлады.
ERNUR.KZ. 2 мамырда әскери міндетін өтеуге шақырылуға жататын Павлодар қаласының тұрғындары - 23 жастағы Мұхамедкәрім Құлниязов пен 20 жастағы Рүстем Назымбеков облыстық әскери комиссариаттың үшінші қабатынан секіріп, рұқсатсыз кетіп қалған. Олардың бірі жарақат алып, № 1 қалалық ауруханаға түсті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Мұхамедкәрім Құлниязовтың аяғына ота жасау қажет болған.
Ал, жергілікті полиция өкілдері әскери шақыру пунктінен қашқан екінші азамат - Рүстем Назымбековті әлі іздеп жатыр. Оның қайда жүргені әлі белгісіз. Бұл туралы Павлодар облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Белялова айтты.
Еске сала кетейік, Vesti порталының хабарлауынша, Рүстем Назымбеков - 2018 жылы «Ақсу» футбол клубы сапында, 2019 жылы «Екібастұз» командасы сапында ойнаған футболшы. Сондай-ақ жартылай қорғаушы алматылық «Қайраттың» жастар құрамында болғанмен, келісім-шарт жасаспаған. Тіпті, алматылық ұжым Рүстем Назымбековпен келісім-шарт жасасуға ойыншының тәртіп мәселесіне қатысты бас тартқан болуы да мүмкін.
Жас футболшы 2019 жылы «Астана М» құрамында оқу-жаттығуға қатысып, ол ұжымда да орнын сақтап қала алмаған.