Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады.
ERNUR.KZ. Екібастұзда көпқабатты үйдегі өрттен такси жүргізушісі екі баланы аман алып қалды, деп жазады tengrinews.kz.
Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрда қолында баласы бар ер адамның өрт болған баспанадан қалай төмен түсіп келе жатқаны көрсетілген.
"Қараңдаршы, балаларды төртінші қабаттан түсіріп жатыр. Адамдар подъезге шыға алмайтын сияқты", - дейді видео авторы.37 жастағы Азамат Смағұловтың айтуынша, сол күні ол балаларымен бірге көлікпен өтіп бара жатқан. Түтін басқан пәтерден тұрғындардың айғайлаған дауысын естіген ол ойланбастан көмекке ұмтылған. Өрт баспалдағымен көтеріліп, төртінші қабаттың балконында ата-аналарымен бірге бөгеліп қалған екі кішкентай баланы жерге түсірген.
"Өртті көріп тоқтап, ұлдарымды көлікте қалдырып, өзім үйге жүгірдім. Өрт сөндірушілер "Төртінші қабаттың балконында бір отбасы барын, құтқару керек екенін айтты. Мен көмектесуге жүгірдім", - дейді Азамат Смағұлов.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, өрт кезінде 53 және 34 жастағы екі ер адам мен 32 жастағы әйел зардап шеккен. Күйік алған үшеуі де Екібастұз қалалық ауруханасында емделіп жатыр.
Төрт баланың әкесі Азамат Смағұлов бұл ісін ерлікке санамайды.
"Адамдарға көмек керек болды, көмектестім. Ең бастысы, бәрі аман. Өзім де бала өсіріп отырған әке болғандықтан балалар үшін қатты қорықтым", - дейді ол.