Елімізде 11 мың мұғалім аттестациядан өте алмады

0
2 359

Тестілеуге 51 мыңнан астам ұстаз қатысқан


Елімізде 11 мың мұғалім аттестациядан өте алмады

ERNUR.KZ. Еліміздегі 11 мың мұғалім аттестациядан өте алмады. Бұл жайында бүгін Сенатта өткен жиында білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева мәлімдеді, деп жазады 24.kz.

Жаңа форматтағы тестілеуге 51 мыңнан астам ұстаз қатысқан. Оның 34 мыңы сынақтан сәтті өтті. Ал қалғандары екінші мәрте аттестацияға қатысып, біліктіліктерін арттырды. Тағы бір айта кетерлігі, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша биыл елде 221 мың мұғалім дайындалды. Бұл педагогтардың 78 проценті. Елбасы тапсырмасына сәйкес, олардың еңбекақысына 30 процент үстемақы қосылады. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары қазір де жалғасып жатыр.

Эльмира Суханбердиева, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары: Биылғы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.Соның ішінде 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда білім алуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріскен. «Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын 4,5 мыңнан астам мұғалімге қолдау көрсетіп жатыр. Бұған қоса Сенат қабырғасында апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің мәселесі де көтерілді.

Елдегі білім ошақтарының 34 проценті осыдан 40-50 жыл бұрын тұрғызылған. Қордаланған мәселені шешу үшін, жыл сайын ондаған білім ұясы салынады.

Мәселен, биыл осы мақсатқа 53 млрд теңге бөлініп, оған 108 нысан тұрғызылып жатыр. Ал, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 33 гнысанның құрылысы басталды. Алдағы үш жылда тағы 30 білім беру ұясы бой көтермек.