Елімізде Балалар жылы қорытындыланды

0
625

Балалар жылы тұңғыш рет баланы қорқытудан (буллингтен) қорғау құқығы бекітілді, тиісті алдын алу ережелерін әзірлеу бойынша құзырет енгізілді.


Елімізде Балалар жылы қорытындыланды

ERNUR.KZ. Қазақстандағы балалар жылы: балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, түйінді сын-қатерлер мен мүмкіндіктер». Елордада Чехия, Хорватия, Венгрия, Қырғызстан және басқа да елдердің халықаралық сарапшыларының қатысуымен конференция өтті, деп жазады baq.kz.

Еліміздің Президенті 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Бұл мемлекеттің өскелең ұрпаққа маңызды көңіл бөлу және еліміздің болашағына қамқорлық жасау деңгейін көрсетеді. Еліміздегі халықтың үштен бір бөлігі – балалар. Балалар жылы ішінде білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Тамақтану сапасын күшейту, тамақтану құнын реттеу, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу бөлігінде Тамақтануды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мектептегі тамақтануды қоғамдық бақылау жандандырылды. Маңызды бағыттардың бірі – қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету. Апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою үшін Президент тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленді. Бағдарламаға сәйкес қалалар мен ауылдарда 800 мыңнан астам жаңа оқушы орындарына 401 мектеп салынады, - деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов конференциядағы құттықтау сөзінде.


Министр Балалар жылындағы келесі басым бағыт балабақшаларда, мектептер мен колледждерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Барлық білім беру ұйымдарында камералар орнатылды, білім беру объектілерін қорғауды күшейту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді, турникеттер, дабыл түймелері орнатылып жатыр.

Балалар жылы тұңғыш рет баланы қорқытудан (буллингтен) қорғау құқығы бекітілді, тиісті алдын алу ережелерін әзірлеу бойынша құзырет енгізілді, бұл қудалауға ұшыраған балаларға уақтылы ескертуге және қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің бірыңғай қағидалары қабылданды.

Елімізде балалардың әл-ауқатының индексі алғаш рет әзірленді. Әр бағытта лайықты өмір сүру жағдайларына, білімге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымға, зорлық-зомбылықтан қорғауға және әлеуметтенуге қол жеткізуді көрсететін ең маңызды индикаторлар таңдалды.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асыру жалғастырылды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту, балабақшаларға бірыңғай кезектілік бойынша платформа әзірлеу, бұл кезекте қайталануды болдырмауға мүмкіндік береді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тіркеуді автоматтандыруды көздейтін ПМПК модулі әзірленді. Бір ПМПК ашу нормативтері 60 мыңнан 50 мың балаға азайтылды.

Сонымен қатар, Балалар жылы мектеп автобустарының автобус паркі алғаш рет ауқымды түрде жаңартылды. Ол 515 жаңа автокөлікпен толықтырылды. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасы алғаш рет кешенді түрде жетілдірілді. Көркем әдебиет қоры мемлекеттік тілдегі басылымдармен толықтырылды.

Мен бүгінгі конференцияға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл конференцияға өз қатарластарының құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жүргізетін балалар өкілдерінің қатысқаны да өте жақсы. Балаларға салынатын инвестициялар – болашаққа салынатын инвестициялар. Қазақстан осы бағытта нәтижелі і-сшаралар қабылдап келеді. Оқу-ағарту министрі айтқандай, Балалар жылы ішінде жүргізілген жұмыс кейінгі жылдары да жалғасатын болады. Біз ынтымақтастыққа дайынбыз, - деді БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі Артур ван Дирен Қазақстан балалардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және олардың әл-ауқатын арттыру үшін ілгерінді қадамдар жасап жатқанын атап өтті.

ЮНИСЕФ Қазақстанда ұзақ уақыт бойы ұлттық және жергілікті деңгейде балалардың әл-ауқатының мониторингі жүйесін құруға қолдау көрсетіп келеді. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Балалардың әл-ауқатының индексін жұмыс құралы, мәселелік сұрақтарды көрсететін компастың бір түрі ретінде пайдаланады деп үміттенеміз. Ол объективті көрсеткіштер негізінде балалардың мүддесі үшін шешім қабылдауға көмектеседі, - деді БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы өкілі Артур ван Дизен.

Айта кетейік, конференцияға БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі өкілдері, Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ), Парламент, үкіметтік емес ұйымдар, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, педагогтер, ата-аналар және балалар өкілдері қатысты.