​Елімізде қалдықтың 90 пайызы полигон мен қоқыс орнына тасталады

0
1 685

Энергетика министрлігінің мәліметіне сай, елімізде жыл сайын 5-6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады.


​Елімізде қалдықтың 90 пайызы полигон мен қоқыс орнына тасталады

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов елімізде жыл сайын жиналатын 5-6 млн тонна қалдықтың 90 пайызы полигон мен қоқыс орнына тасталатынын айтты, деп жазады Baq.kz.

«Энергетика министрлігінің мәліметіне сай, елімізде жыл сайын 5-6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Олардың тек біраз бөлігі ғана қайта өңделеді. Қалдықтардың шамамен 90 пайызы полигондар мен қоқыс тастау орындарына жеткізіледі. Сондықтан, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс тұтыну қажеттілігінің маңызы күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда елімізде қалдықтарды іріктеп, қайта өңдейтін 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 20-дан астам өнім түрін шығарады. Қайта-қайта жиналып қалатын қоқыс проблемасын шешудің негізгі жолдары – қайта өңдеу, өртеу және көму. Бұл қазіргі кездегі ең қарапайым әдістер. Бізге бірінші кезекте қалдықтардың рециркуляциясын жүйелеу керек. Себебі ол қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Қазір қалдықтардың рециркуляциясы дамыған елдердің экологиялық саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Дамыған елдерде қалдықтар екінші сұрыпты шикізат саналады», - деді Громов Сенатта өтіп жатқан «Өңір» депутаттық тобының жұмыс отырысында.

Оның айтуынша, озық технологияларды енгізіп, пайдалану көптеген мәселені, оның ішінде қоршаған ортаның ластану проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықты «барлығын тиімді пайдалануға» тәрбиелеу аса маңызды.

«Көптеген елдерде өз бетінше қалдықтарды жойған халық түрлі әдістермен ынталандырылады. Германияда қалықтардың қанша пакетке бөлініп салынатынын көрген шығарсыздар. Ал бізге бірінші кезеңде сұйық минералды қалдықтарды бір жаққа, қатты тұрмыстық қалдықтарды екінші жаққа салып үйренуіміз керек. Біз осыған жетіп алсақ, еліміз үшін үлкен жетістік болады. Халық осылайша біртіндеп үйренеді. Бәлкім бізге заңда азаматтардың жауапкершілігін күшейту керек болар. Мен қоқыс жойғаны, жинағаны үшін бағаны көтеруге шақырмаймын, дегенмен біз бірігіп, осы өзекті проблеманы шешуіміз қажет», - деді Сергей Громов.

Сенат төрағасының орынбасары шетелде қалдықтардан электр энергиясы өңделетінін айтты. Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарының зауыттары осы технологияны зерттеп, тәжірибе жүргізіп жатқанын да жеткізді. Алынған энергия қайта өңдеу кәсіпорнында пайдаланылмақ.