Барлық жағдайда балалар үлкендердің қарауынсыз қалған.
ERNUR.KZ. Демалыс және мереке күндері Ақтөбе, Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы су айдындарында 15 адам суға батып кетті, олардың 7-еуі – бала. Барлық жағдайда балалар үлкендердің қарауынсыз қалған, деп жазады ҚазАқпарат.
Бір бала құдыққа құлап кеткен. Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылында жеке тұрғын үйге қарама-қарсы су құбыры құдығына (тереңдігі – 3 метр, 1,5 метрі сумен толтырылған) ересектердің қарауынсыз қалған 2018 жылы туған бала құлап, тұншығып қалған.
Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарақобда ауылының шетіндегі Қарақобда өзеніне 2008 жылы туған жеткіншек батып кетті.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқұр ауылынан 45 шақырым жердегі Сағыз өзенінде 2005 жылы туған жасөспірім суға кетті. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы БАК 753 Түрген Дюкер шлюз арнасында 2005 жылы туған жеткіншек көз жұмды.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылынан 0,1 шақырым жердегі тоғанға 2010 жылы туған қыз бала батып кеткен. Құтқарушылар келгенше куәгерлер оның 2008 жылы туған әкпесін құтқарып қалған. Екі қыз тоғанда үлкендердің қарауынсыз шомылған.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы аумағындағы Рыбцех ауылының шетіндегі Шаған өзенінде 2014 жылы туған балдырған мерт болды.
Оралдағы Желаево елді мекенінің маңындағы жасанды су айдынында 2004 жылы туған бозбала суға батты.
Байқоңыр қаласының жанындағы Сырдария өзеніне 2007 жылы туған қыз батып кетті.
ІІМ ТЖ комитеті су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.