Халық арасында сұранысы жоғары 10 бағыт бойынша жаңа рейстер ашылады
ERNUR.KZ. 2023 жылға дейін Қазақстанда субсидиялық рейстер іске қосылады. Мамандардың айтуынша, бүгінде тұрғындар бірқатар туристік аймаққа жете алмай отыр. Осы орайда халық арасында сұранысы жоғары 10 бағыт бойынша жаңа рейстер ашылады деп жазады 24.kz.
Ол үшін Чехия елінде құрастырылған 20 ұшақ сатып алынып, 16 аэродром салынады деп күтіледі. Қазіргі таңда еліміз 38 мемлекетпен үкіметтік келісім жасасқан. Барлығы 98 халықаралық бағыт бар. Олардың 56 -сы ТМД, 12-сі Еуроодақ, ал 15-і Оңтүстік шығыс Азия елдеріне ұшады. Франкфурт, Ыстамбұл, Тегеран сынды 22 ірі қаламен әуе қатынастары реттелген. Болашақта бұл тізімге Токио мен Нью-йорк қосылады деген жоспар бар.
Рафаэль Шварцман, IATA президентінің Еуропа өңіріндегі орынбасары: Авиация ол тек қана әуе компаниялары ғана емес. Бұл жүйеге әуежайлар мен әуедегі навигация кіреді. Үкімет те өз тарапынан бұл саланы реттеп отырады. Мен Қазақстанға авиация жөніндегі консультативтік мекеме құруға кеңес беремін. Сондай-ақ заман талабына сай ақылды технологияларды қолданған жөн.