Елімізге келетін өзбекстандықтардың уақытша тіркеусіз тұру мерзімі ұзаруы мүмкін

0
441

Қолданыстағы талап бойынша Өзбекстан азаматтары Қазақстанға 5 тәулікке уақытша тіркеусіз келе алады.


Елімізге келетін өзбекстандықтардың уақытша тіркеусіз тұру мерзімі ұзаруы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанға келетін Өзбекстан азаматтарының елімізде уақытша тіркеусіз тұру мерзімі ұзартылмақ. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ашық талқыға шығарған келісім құжатында жазылған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Екі елдің ұлттық паспорт иелері болып табылатын азаматтары екінші мемлекетінің аумағына 30 тәулікке дейін, уақытша тіркеусіз келеді және оның аумағында бола алады. Дегенмен азаматтар уәкілетті органдарға өзінің келгені туралы хабарлама беруі тиіс. Болу уақытын 30 тәуліктен асатын мерзімге ұзартуды тараптар мемлекеттерінің заңдарына сәйкес ішкі істер органдары мемлекеттен шықпай алты ай мерзімге жүзеге асырады», - деп көрсетілген келісім құжатында.

Айта кетсек, қолданыстағы талап бойынша Өзбекстан азаматтары Қазақстанға 5 тәулікке уақытша тіркеусіз келе алады. Енді оның мерзімін 25 күнге ұзартып, жалпы 30 тәулік етіп бекіту ұсынылып отыр.

Сонымен қоса, жаңа өзгерістердің бірі – бұған дейін екі елдің шекара қызметтері беріп келген көші-қон бақылау карточкалары алынып тасталады.

Келісімге сәйкес, Өзбекстан азаматтарынан Қазақстан аумағына келерде сұралатын құжаттар:

- Өзбекстан Республикасының биометрикалық дипломаттық паспорты;

- Өзбекстан Республикасы азаматының биометрикалық паспорты (шетелге шығу паспорты);

- Өзбекстан Республикасы азаматының биометрикалық емес үлгідегі паспорты;

- Өзбекстан Республикасына оралу үшін сертификат (Өзбекстан Республикасына оралу үшін ғана);

- Әуе кемесінің экипажы мүшесінің куәлігі (экипаждың құрамында жүруі кезінде);

- Үкіметаралық фельдъегерлік қызмет қызметкерінің жеке куәлігі.