Елордада қаскөйлер қоқыс жинауға арналған контейнерлерді өртеп жіберді

0
660

Әкімдік мұндай жағдай материалдық шығынмен қоса, өрт қаупін жəне тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын атап өтті.


Елордада қаскөйлер қоқыс жинауға арналған контейнерлерді өртеп жіберді

ERNUR.KZ. Елорданың Есіл ауданында тұрмыстық қалдықтарды сақтауға арналған 36 контейнер өртенді. Бейнебақылау камераларынан алынған жазбада күдіктінің қасақана өрт қойғаны көрінеді, деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.

30 шілдеде сағат түнгі үштен таңғы беске дейінгі аралықта Есіл ауданында контейнерлік алаңдар өртенді. Өрт Мәңгілік ел, 23, Ұлы дала 11/1, Түркістан 2, Қонаев 35 мекенжайларында болған.
"Барлығы 36 қоқыс жәшігі жанып кетті, оларды сақтап қалу мүмкін болмады. Бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларда өрттің қасақана жасалғаны көрінеді. Кінәлі адам табылды және жасаған іс-әрекеті үшін жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.
Жанып кеткен контейнерлерді "Clean City NC" ЖШС және Қоршаған орта және табиғатты пайдалану басқармасы бірлесіп жаңасына ауыстырды.

Әкімдік мұндай жағдай материалдық шығынмен қоса, өрт қаупін жəне тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын атап өтті. Контейнерлік алаңдар тұрғын үйлер мен автотұрақтарға жақын орналасқандықтан, бұл тұрғындардың мүлкінің жануына әкеп соғуы да мүмкін.

Қала билігі елордалықтарды қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және контейнерлердің сақталуы мәселесіне жауапкершілікпен қарауға үндеді. Атап айтқанда, сөндірілмеген сіріңке, темекі тұқылын және басқа да жанғыш заттарды тастамауға, контейнер ішіндегі қалдықтардың кездейсоқ жануына әкеп соғатын тез тұтанатын сұйықтықты, тұрмыстық, өнеркәсіптік және автомобиль химиясын төкпеуге шақырды.

Қауіпсіздік мақсатында автокөліктерді контейнерлердің жанына қоюға болмайтынын ескертті.