Елордалық өрт сөндірушілер бір тәулікте 53 рет терек мамығының өртін сөндірген

0
596

Мамандар қаладағы құрғақ ыстық күн райынан өрт қаупі күшейе түсетінін ескертеді.


Елордалық өрт сөндірушілер бір тәулікте 53 рет терек мамығының өртін сөндірген

ERNUR.KZ. Елордалық өрт сөндірушілер терек мамығының жануына байланысты бір тәулікте 53 рет өрт орындарына барды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазгидромет 25-26 мамырда қаладағы ауа температурасының 36 градусқа дейін көтерілетінін ескертті. Қаладағы құрғақ ыстық күн райынан өрт қаупі күшейе түседі. Сонымен бірге, теректердің гүлденуімен күрделене түседі. Терек гүлдей бастағанда, біздің бөлімшелер 105 рет шақыртуларға барды. Тіркелген жағдайлардың көпшілігі адам кінәсінен болған. Бір ғана 24 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелері терек мамығының жануына байланысты 53 рет өрт орындарына шықты», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖ Департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы.

Атап айтқанда, халықтың отты абайсыз пайдалануы, темекінің, сіріңкенің сөнбеуі өртке әкеп соғады. Сондай-ақ, балалар да көңіл көріп, терек мамығын өртеп жібереді.

ТЖ департаменті терек мамығы өртін болдырмау және азайту мақсатында коммуналдық қызметтердің, пәтер иелері кооперативтерінің аулаларды, тротуарларды, сондай-ақ оттың тез таралу қабілетіне байланысты терек мамығы жиналатын басқа да орындарды тазалау жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертеді.