​Елордалықтың шағымынан кейін «Оlx.kz» сайтына мониторинг жүргізілді

0
1 189

«Оlx.kz» сайтында жалған хабарландырулардың көптеп жарияланатынын алға тартқан астаналық тұрғынның шағымына байланысты аталған интернет-ресурске тексеріс жүргізілді.


​Елордалықтың шағымынан кейін «Оlx.kz» сайтына мониторинг жүргізілді

фото:retailers.ua

ERNUR.KZ. «Оlx.kz» сайтында жалған хабарландырулардың көптеп жарияланатынын алға тартқан астаналық тұрғынның шағымына байланысты аталған интернет-ресурске тексеріс жүргізілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетсек, «Ашық диалог» порталындағы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың блогына елорда тұрғыны Роза Погорелова жазып, «Оlx.kz» сайтындағы жалған хабарландыруларға шағынданған.

«Оlx.kz» сайтында өзін «Амир» агенттігі деп таныстырған агенттік жүйелі түрде аса көп мөлшерде, бір ғана есептік жазбамен есімдері мен мекенжайларын өзгерте отырып, жалған хабарландыруларды таратады. Ол хабарламалардағы фото шынайы емес, барлық хабарландыруда – жалған ақпарат, шынайы өмірде салынбаған мүліктік нысандар», - деп жазған Роза Погорелова.

Оның айтуынша, хабарландыруды орналастыру ақылы болғандықтан (бір хабарландыру үшін 150 теңгеден жоғары) Оlx.kz сайтының әкімшілігі ақпараттың рас-өтірігін тексермейді, адамдардың мыңдаған арыз-өтініштеріне құлақ аспайды.

«Аталған сайт арқылы адамдарды алдау жүріп жатыр. Астана қаласындағы бұл бассыздықты тоқтатуды өтінемін», - деген әйел.

Аталған өтінішке байланысты жауап берген Дәурен Абаев «Olx.kz» интернет-ресурсына ҚР БАҚ туралы заңнамасының талаптарына сай құқықтық мониторинг жүргізілгенін хабарлады.

«Мониторинг барысында бұзушылықтар анықталған жоқ. Жарманалық бағыт пен хабарландырулардың көп болуына байланысты бұзушылықтың тіркелгенін дәлелдей алатындай, жарнамалық материалдар мен экрандық кескіндерге нақты сілтемелердің болғаны жөн», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, жалған ақпарат тарататындар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармақшасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Қылмыстық құқықбұзушылық істері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы қарастырылған Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сәйкес, алдын ала тергеу жұмыстарын ішкі істер органдарының тергеушілері жүргізеді. Осыған байланысты құқықты, еркіндікті немесе заңды мүддені қорғау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілгендей құқық қорғау органдарына өтініш беруге кеңес береміз», - деп жауап берді ол.