Елорданың оқу ақысын төлей алмай отырған студенттерге жеңілдік жасалды

0
847

1319 университет бітіруші студент оқу ақысын төлей алмай отыр.


Елорданың оқу ақысын төлей алмай отырған студенттерге жеңілдік жасалды

Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты басқармасы карантин кезінде ЖОО оқу ақысын төлей алмай отырған студенттердің мәселесін шешуге көмектесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі күні астанада 1319 университет бітіруші студент оқу ақысын төлей алмай отыр.


«Бұл мәселені шешу үшін ЖОО басшыларымен бірлесе, оқу ақысын төлей алмаған 4 курс студенттерінің төлем мерзімдерін маусым айына дейін ұзартуға келістік», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек.


Оның айтуынша, университеттер әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге жеңілдіктер жасалатын болды. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 114 студентке жеңілдік беріледі. Технология және бизнес университеті 72, ҚазГЗУ – 29 және «Тұран-Астана» университеті 15 студентке жеңілдік жасаған.

Бұған қоса, елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы шет елде білім алатын (Варшава - 85, Мәскеу - 149) 234 студентті Нұр-Сұлтан қаласына күтіп алу, оларды қонақ үйлерге жайғастыру және басқа өңірлерге жөнелту жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар басқарма Қазақстанның өзге аймақтарына шет елдерден (Кипр-1, Ресей-37, Болгария-2, Польша-42 , Нидерланды-16, Таиланд-4 және Біріккен Араб Әмірліктерінен-14) ұшып келген 116 студентті елордаға арнайы автокөліктермен алып келуді ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, басқарма елорданың Волонтерлік штабының жұмысын үйлестіріп отыр. Қазіргі таңда, белсенді 1300 волонтер короновирусқа қарсы күреске өз үлестерін қосуда. Еріктілер аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізіп, блокпосттарда жұмысқа асталысып жүр. Қалалық волонтерлар штабы 15 наурыздан бастап бүгінге дейін «Birgemiz» қорымен бірге, қаламызда 2 млн. медициналық маска таратты.