Еңбек министрлігі зейнет жасын өзгертуге қатысты жауап берді

0
834

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнеткерлік жас 63 жаста, әйелдер үшін қазіргі уақытта – 59,5 жаста басталады.


Еңбек министрлігі зейнет жасын өзгертуге қатысты жауап берді

ERNUR.KZ. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қазақстанда зейнеткерлік жастың өзгертілуі туралы ақпарат тарап жатыр. Осы ретте Еңбек министрлігі ресми жауап берді, деп жазады baq.kz.

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнеткерлік жастың өзгертілуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлады ведомство.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнеткерлік жас 63 жаста, әйелдер үшін қазіргі уақытта – 59,5 жаста басталады.

Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі - БЖЗҚ) жеткілікті жинақталған зейнетақы қаражаты бар Қазақстан Республикасының азаматтары зейнетақы аннуитеті құқығын (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін зейнеткерлікке шығу) пайдалана алады. Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін – 51,5 жас мөлшерінде белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.

Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда әйелдердің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде, 6 ай сайын арттыру көзделген.

Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру ынтымақты зейнетақы жүйесінің біртіндеп «тоқтатылуына» байланысты (ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана есепке алынады, сондықтан оның мөлшері жылдан жылға азаяды). Осыған орай, әйелдерге жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін және жинақталған зейнетақы қаражатының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріледі. Бұл болашақта оларға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді. Оның мөлшері 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады, - делінген хабарламада.

Зейнеткерлік жастың ұлғаюы қазіргі уақытта зейнетақыны ерте алуға құқығы бар әйелдерге әсер етпейді:

– 5 немесе одан да көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер - 53 жаста;

– Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 5 жыл өмір сүрген әйелдер - 45 жаста.

Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың балаларына күтім жасаған уақытын, бірақ әр бала 3 жасқа толғанға дейін, барлығы 12 жыл шамасындағы уақытын зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есепке алу бойынша жеңілдік сақталды.

Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуды сұраймыз, - деді министрлік.

Айта кетейік, жалған ақпаратты тарату заң бойынша жазаланады.