Ербол Қарашөкеев асыл тұқымды мал шаруашылығындағы жаңа қадамдар туралы айтты

0
934

Заң жобасын дайындаудың мақсаты - қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және нарықтық экономика жағдайында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайтын заманауи нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру әрі асыл тұқымды мал шаруашылығындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру.


Ербол Қарашөкеев асыл тұқымды мал шаруашылығындағы жаңа қадамдар туралы айтты

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады ҚазАқпарат.

Заң жобасын дайындаудың мақсаты - қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және нарықтық экономика жағдайында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайтын заманауи нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру әрі асыл тұқымды мал шаруашылығындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру.

«Одан басқа, заң жобасымен қолданыстағы асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамадағы қарама-қайшылықтар, олқылықтар мен коллизияларды жою қарастырылады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Заң жобасы келесі негізгі өзгерістер мен толықтыруларды көздейді:

- Тұжырымдамалық аппараттағы терминдер Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымды жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге сәйкес келтірілуде. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға мүмкіндік береді.

«10-бапта Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығының жүйесі республикалық палаталар, бонитерлер, ұрықтандырушы техниктер, эмбриондарды транспланттау жөніндегі мамандар, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалармен толықтырылады. Елімізде мал шаруашылығында оң өзгерістерге жету үшін өсіріп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеует деңгейін көтеру және республикада мал өнімділігі деңгейін жоғарылату мен мал басы санының өсу қарқынын жеделдету бойынша селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді жетілдіру қажет. Қолданыстағы малдың генетикалық әлеуетін жоғарылату бойынша әдістер мен тәсілдер, осы уақытқа дейін біз күткендегідей нәтижеге қол жеткізбеді», - деді министр.

Осыған байланысты, 13-бапта уәкілетті органның құзыреттері келесі қадамдармен толықтырылады:

- жануарларды индекстік бағалау қағидаларын даярлау және бекіту. Индекстік бағалауды енгізу мал иесіне жануардың пайдалы белгілерін дамытуға қажет. Мысалы, етті мал шаруашылығында төлдің тірілей салмағы, ал сүтті мал шаруашылығында төлдеудің жеңілдігі және басқа да факторлар ескеріледі.

- жануарларға молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын даярлау және бекіту. Молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу асыл тұқымды малдың шығу тегін нақты аңықтауға ақпарат береді;

- геномдық бағалау жүргізу қағидаларын даярлау және бекіту. Геномдық бағалауды енгізу малдың асыл тұқымдылығын ерте жаста аңықтауға, жануарларды күтіп бағу шығындарын азайтуға, аталықтарды сұрыптау қарқынын жоғарылату арқылы бағалауға ең мықтыларын қоюға, әрбір тұқым бойынша тиімділікті және генетикалық прогресті арттыруға мүмкіндік береді.