2019 жылдың 28 маусымында "Қазақстан" орталық концерт залында талантты жұлдыз Ержан Максимнің концерті өтеді
ERNUR.KZ. Қазақстандық әнші Ержан Максим Нұр-Сұлтанда концерт береді, - деп жазады tengrinews.kz.
"2019 жылдың 28 маусымында "Қазақстан" орталық концерт залында талантты жұлдыз Ержан Максимнің концерті өтеді. Ұйымдастырушы - Мәдениет және спорт министрлігі", - деп хабарланды министрліктің брифингі барысында.
Сондай-ақ, концертте Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова, Ринат Гайсин және Айқын Төлепбергеннің өнер көрсететіні белгілі болды. Мұның алдында продюсер Игорь Крутойдың Ержан Максимді музыкалық академиясына оқуға шақырғаны хабарланған еді.
Еске салайық, осыған дейін 11 жастағы оралдық Ержан Максимнің "Голос. Дети" байқауында 2-орын иеленгені хабарланған болатын. Ол 27,9 пайыз дауыс жинаған еді. Байқауда ресейлік танымал әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы Микелла Абрамова көрермендер тарапынан 56,5 пайыз дауыс жинап, бас жүлдені жеңіп алды. Алайда байқау нәтижесі Желіде үлкен дау тудырып, көпшілік нағыз жеңімпаз деп Ержан Максимді таныды.