"Есікті әрең аштық, өртеніп кетуіміз мүмкін еді": Сотталған экс-әкім жол апатына қалай түскенін айтты

0
461

​​Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың көлігі 14 ақпан күні жол-көлік апатына ұшырады.


ERNUR.KZ. Экс-әкім оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп жазады Stan.kz.

Бұрынғы шенеуніктің айтуынша, апат болған кезде Lexus LX 570 көлігінің рөлінде жүргізушісі отырған. Бақауов үнемі тек жолаушы орнында отырады екен.

Сөзіне қарағанда, трассамен жүріп бара жатқан кезде екінші "Лексус" көлігінің жүргізушісі бұрылу белгісін қоспай, оның көлігінен баса озған. Ақырында экс-әкімнің көлігі алда кетіп бара жатқан "ГАЗель"-ге соғысқан.

"Джип жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті. Ол дұрыс емес, әрине. Біз есікті әрең аштық, өртеніп кетуіміз мүмкін еді. Жүргізушім оны қуып жетуге тырысты, бірақ жете алмады", - деді Бақауов.

Оқиға орнынан кетіп қалған Lexus LX 470 жүргізушісі "алғашқыда қорыққанын, себебі жанында отбасы отырғанын" кейіннен мойындапты. Айтуынша, ол біржақты жолда кетіп бара жатқандықтан, кері қайта алмаған. Тек Шідерті ауылына жеткен соң, артқа қайтуға мүмкіндік алып, оқиға орнына келген.

Болат Бақауов "бастысы барлығының аман қалғанын" атап өтті.

Ал 2020 жылы сотталып, шартты түрде бостандықта жүрген экс-әкім облыс іші мен сыртында емін-еркін жүруіне қатысты сауалға жауап берді. Ол заң бойынша Қазақстан аумағында жүре алатынын, тек алдын ала құзырлы органдарға ескертуі керектігін айтты.

Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр.