Ескі көлік өткізіп орнына жаңасын ал: Арнайы бағдарламаның шарты қандай

0
1 454

Ол үшін не істеу керек?


Ескі көлік өткізіп орнына жаңасын ал: Арнайы бағдарламаның шарты қандай

ERNUR.KZ. Соңғы айда жарамсыз, ескі-құсқы көлікті арнайы орталыққа келіп өткізетіндер қатары артқан. Бұрын еліміз бойынша бір айда 900-1000 көлік тапсырылса, қазір бір аптада осынша темір тұлпар иесі орталыққа келіп өтініш береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елімізде ескі көлігін өткізіп орнына су жаңа көлік алатын арнайы бағдарлама барын білесіз бе? Ол үшін не істеу керек?

Қаскелеңдегі көлік құралдарын утилизациялайтын кәсіпорында ескі-құсқы темір-терсектің түгел көзі жойылады. Арнайы текшелеп жиналған мына түйіншектер Қарағандыдағы зауытқа жіберіледі. Ол жақта түгі қалмай мыжылған темір тұлпарлар қайта өңделеді.

Волга, жигули москвич. Мұнда көлік маркаларының неше түрін көруге болады. Мамандардың айтуынша, жыл санап жарамсыз көліктерді тапсырушылардың саны артып келеді. Мәселен мында шамамен қырықтан астам көлік жиналған. Бұлардың бәрі – бір күннің ішінде тапсырылған көліктер.

Бүгінде елімізде ірісі бар, ұсағы бар, 4 млн-нан астам автокөлік тіркелген болса, солардың тең жартысының орташа жасы 19 жылдан асады. Тағы бес жылдан соң, ескі көліктердің үлесі 70 пайызға жетеді дейді мамандар. Олардың қаупін айтпағанда қоршаған ортаға тигізер залалы орасан. Үкімет ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасын қабылдағаны содан.


«Қазіргі таңда машина қабылдау барысында карантиннен кейін 2 айда мыңнан астам көлік қабылдадық. Жалпы халықтың түсініп келіп жатқаны бар, қазір көп келіп тапсырып жатқандар», – деді Қаскелең қаласындағы көлік бөлшектерін қабылдау орталығының менеджері Қанат Бисен.


Ескіні жөндесең, есің кетеді дейді Талғар қаласының тұрғыны Талғат Капуранов. Жигулиі қайта-қайта бұзылып, шығынға батыра берген соң, одан құтылуды жөн санапты. Енді ол шамамен көліктің жағдайынына қарай 150 мың мен 200 мың теңге аралағында өтемақы ала алады.


«Тіркеуден шығарып алып келдім көлікті, қазір келісімшартқа қол қоямын, ақшасы екі күнде түседі», – деді Талғар қаласының тұрғыны Талғат Капуранов.


Біреу білсе, біреу білмес. Біздің елде ескі, жарамсыз көлігіңізді тапсырып, орнына жаңасын алатын арнайы бағдарлама бар. Яғни, арнайы орталыққа тозған темір тұлпарыңызды апарып, орнына сертификат аласыз. Сол арқылы жеңілдікпен Қазақстанда құрастырылған су жаңа темір тұлпар тізгіндеуіңізге болады. Мақсат – бір жағынан көпшілік көлігін жаңалайды, бір жағынан жарамсыз көлігін далаға тастамай, оны экологиялық орталыққа тапсырады.


«Ескі көліктерді жоюға тапсыру бағдарламасына маусым айынан бастап өзгеріс енгізілген болатын. Жеңіл көліктер бұрын 150 теңгеге қабылданса, қазір оның көлемі 200 мың теңгеге ұлғайды. Айта кету керек, пандемия кезінде көлік тапсырушылардың саны өсіп отыр. Әсіресе, сертификаттан қарағанда ақшаға өткізушілердің қатары көп», – деді «ӨКМ операторы» ЖШС өкілі Жомарт Рахымжан.


Жалпы еліміз бойынша бүгінге дейін 141 мыңға жуық ескі көлік қабылданған. Жыл басынан бері 10 мың көлік өткізлсе, олардың 8 мыңнан астамы жаңа көлік алуға сертификат иеленген. Сертификатта көрсетілген бағаны көлік иесі жаңа темір тұлпар бағасынан шегертіп тастай алады.