Еуропадан ескі жел электр стансаларын Қазақстанға кіргізу тиімді ме?

0
1 088

Қазақстан алға жылжуы үшін тиімді технологияларды алып келген жөн.


Еуропадан ескі жел электр стансаларын Қазақстанға кіргізу тиімді ме?

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанға ескі жел электр стансаларын жеткізуге ниетті адамдарға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Еуропадан ескі қондырғыны жеткізіп, оны елді мекенінде орнатқан ауыл тұрғынын білемін. Енді энергияны сатып, аукционға қатысуға ниетті, яғни бәсекеге түсіп, электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға өткізбек. Атап айтқанда, бүгінде Еуропа елдері бұрын пайдаланылған жел электр стансаларынан біртіндеп құтылып жатыр. Себебі оларды утилизациядан өткізу керек, бұл өз кезегінде тиісті шығындарды талап етеді. Сәйкесінше, оны Қазақстанға өткізу оларға оңайға түседі. Қазақстандықтар болса, оны сатып алуға қарсы емес. Бұл құрылғылар өзінің қалған ресурсы бойынша жұмыс істегеннен кейін, тозығы жеткен бұл стансалармен біздің тұрғындар ертең не істейтіні түсініксіз», - деді Бозымбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Осы орайда ол бұл жағдай бұған дейін елімізде байқалған ескі көліктерді жаппай импорттау кестесіне ұқсас екенін мысал етті.

«Кезінде Германияда автокөліктің утилизациясына салық төлемес үшін оны біздің елімізге өткізді. Бізге бұл ескі көліктер көптеп кірген еді. Кейін осының салдарынан бірнеше жыл бұрын утилизацияға алым енгізуге мәжбүр болдық және 83 мың автокөлікті утилизациядан өткіздік», - деп түсіндірді министр.

Осы орайда ол 2-3 жылдан кейін істен шыққан жел электр стансаларының утилизациясы да кейбір қиындықтарды тудыратынын жеткізді.

Қ. Бозымбаевтың сөзінше, аукционға қатысушылар жаңа жабдықтармен келетіні анық. Егер де аукционға аталған фермер ескі жабдықтарымен кіргізілсе, онда бұл жағдай кем дегенде бәсекеге қабілеттілікке нұқсан келтіреді.

«Өзінің қажеті үшін тұрғындар керек болған жабдықтарын кіргізе алады. Алайда елімізге ескі жабдықтардың жеткізілуін мемлекет тарапынан ынталандыру - бұл қисынсыз жағдай. Осы орайда бізде нақты ұстаным бар. Қазақстан алға жылжуы керек, соңғы буынды тиімді технологияларды алып келген жөн», - деді Энергетика министрі.