Жалған ақпараттың бастапқы дереккөзі жойылды.
Қазнетте Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзып, Тәуелсіздігін жоюды мақсат ететін Ұлт-азаттық қозғалыс (ҰАҚ) атты ұйымның жұмыс істеп жатқаны туралы хабар тарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, оның басшысы Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Евгений Федоров.
Жел қолданушыларының айтуынша, ҰАҚ ұйымы ашық жұмыс істейді, тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтандағы өз кеңселеріне шақырып, қазақстандықтар арасынан жаңа мүшелерін қабылдауда.
Шындығында, мұндай ұйым жоқ.
«Бұл ақпарат тексерілді. Жоғарыда аталған мекенжай бойынша және жалпы, елорда аумағында «ҰАҚ» деп аталатын ұйымның штабы жоқ. Сілтеме фейк, ал осы ұйымда аты аталған адамдар ҚР азаматтары емес. Арандатушылық әрекеттерге бармауларыңызды сұраймыз», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті.
Айта кетейік, фейк ақпараттың бастапқы дереккөзі жойылды.
«Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз»,-делінген хабарламада.