Фейк: «Ата-аналардың келісімінсіз оқушыларды вакцинациялау туралы бұйрық шықты»

0
763

Желіде 1-11 сынып оқушыларын ата-аналардың келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы бұйрық шыққандығы туралы хабарлама тарады.


Фейк: «Ата-аналардың келісімінсіз оқушыларды вакцинациялау туралы бұйрық шықты»

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде қолданушылар 1-11 сынып оқушыларын ата-аналардың келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы бұйрық шыққандығы туралы хабарлама тарады. Бұл ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды, деп жазады stopfake.kz



Ведомствоның хабарлауынша, мұндай бұйрық ешқашан болмаған.

– Осы жарияланымға қатысты, кез келген профилактикалық егу, соның ішінде КВИ қарсы вакцинациялау да ата-аналардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін хабарлаймыз. Вакцинациялауға жататын жасөспірімдердің тізімін жоспарлау және жасау процесінде ақпараттандырылған келісім алдын ала жиналады. Осыған байланысты, алдын ала жасалған тізім бойынша вакцинациялауға ата-анасы қол қойған келісімі бар балалар және ата-анасының қатысуымен ғана екпе салдыруға шақырылады, – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Оның айтуынша, мектептерде мәжбүрлі вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ. Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің № 36 қаулысына сәйкес оқу мекемелерінде күн сайын кіру кезінде тексеру жүргізіледі. Мектептің барлық қызметкерлері термометриядан өтіп, кіре берісте қолын санитайзермен өңдеуге міндетті. Сабақ кестесі оқушылар бір-бірімен барынша аз байланыста болатындай етіп жасалады.
Ержан Байтанаев қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Шынайы ақпарат алу үшін Комитеттің ресми интернет-ресурсына, «COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК» телеграмм-арнасы сияқты ресми дереккөздерге және Facebook, Instagram және YouTube әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарға жүгінуге немесе комитеттің мекен жайы бойынша жазбаша сауал жолдауға болады.