Газ қымбаттауы: 44 газ құю станциясында келісілген әрекет анықталды

0
507

Бас прокуратураның тексеруі шеңберінде агенттік 44 нарық субъектісінің әрекеттерінде келісілген әрекет пен картельдік сөз байласуды ұйымдастыру деректерін анықтаған.


Газ қымбаттауы: 44 газ құю станциясында келісілген әрекет анықталды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының 5 қаңтардағы тапсырмасы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 193 бөлшек автомобильге газ құю станциясына қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, оның 89-ы Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізіледі, деп жазады Tengrinews.kz.

Бас прокуратураның тексеруі шеңберінде агенттік 44 нарық субъектісінің әрекеттерінде келісілген әрекет пен картельдік сөз байласуды ұйымдастыру деректерін анықтаған.

Сондай-ақ қазіргі кезде прокуратура органдарының ұсыныстары негізінде Ақмола, Қызылорда және Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы бойынша аумақтық монополияға қарсы департаменттер 32 нарық субъектісіне қатысты әкімшілік істер қозғап, материалдар сотқа жіберілгені хабарланды.

"Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан бойынша аумақтық монополияға қарсы департаменттер 7 нарық субъектісі бойынша материалдарды қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қарау үшін Экономикалық тергеу департаментіне жіберді. Атырау облысында 2 нарық субъектісі бойынша таяу арада әкімшілік істер қозғалады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, прокуратура органдарынан қадағалау актілері келіп түскен жағдайда, басқа тергеп-тексерулер бойынша әкімшілік істер қозғалатыны айтылды.

Қалған нарық субъектілері бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылық белгілерін анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.