Енді білім беру грантын тағайындау туралы электронды куәлікте үміткердің жеке мәліметтері мен ҰБТ-да жинаған ұпай саны жазылады.
ERNUR.KZ. Үкіметтің қаулысымен "бакалавр" және "магистр" бойынша білім беру гранттарын тағайындау ережесіне өзгеріс енгізілді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қаулыға сәйкес, ереженің 2-тармағына тағы бір анықтама енгізіліп отыр. Ол – білім беру грантын тағайындау туралы электронды куәлік. Осы құжатта үміткердің жеке мәліметтері мен ҰБТ-да жинаған ұпай саны жазылады. Электронды куәлік ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады.
Бұдан бөлек, гранттарды тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның құрамына ену және төрағаны сайлауға қатысты өзгеріс енгізілді. Бұған дейін комиссияға білім беру саласындағы уәкілетті орган (білім және ғылым министрілігі – Sputnik Қазақстан), басқа да мүдделі мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен ЖОО ректорлары кеңесінің өкілдері кірсе, енді үкіметтік емес ұйымдар да осы жұмысқа атсалыса алады.
Бұрын республикалық комиссияның төрағалығына уәкілетті органның басшысы немесе оның міндетін атқарған тұлға бекітілетін. Бұдан былай төраға комиссия мүшелерінің ішінен дауыс беру арқылы сайланады. Оның орынбасарын және хатшыны да таңдайды. Сөйтіп, комиссияның құрамы бекітіледі.