Індет жайлаған елдерден барлығы жүз мыңдай адам қайтарылмақ

0
720

Шетелдегі қазақстандық елшілік қызметкерлері отандастар «санағын» жүргізуді жалғастыруда.


Індет жайлаған елдерден барлығы жүз мыңдай адам қайтарылмақ

ERNUR.KZ. Өзге елдердің азаматтығын алған бұрынғы қазақстандықтар да елге қайтуға өтініш білдіруде, деп жазады inbusiness.kz.

Светлана Чернявскаяның туыс-туғандары отбасымен Ресейге кетіп, солтүстік көршінің азаматтығын алыпты. Алайда бүгінде іргедегі елде COVID-19 өршіп барады: Ресей билігі шектеу шараларын кеш қолға алды. Алпауыт мемлекеттің бірқатар өңірлерінде тек медициналық құралдар ғана емес, азық-түліктің тапшылығы да орын алуда.

«Туыстарым Қазақстан азаматтары болатын. Бірақ Ресейге барғасын, соның азаматтығын алып алды. Бірақ Қазақстанда баспаналары бар. Ал Ресейде жұмысқа орналаса алмады, табыс көздері жоқ. Балаларын оқыту мәселесі де шешілмеген. Қария ата-аналары бар. Енді індет жайлап кеткесін Қазақстанға қайтуды ойлауда. Осында құжат тапсырып, тұрғылықты тұруға ықтияр хат (вид на жительство) алғылары келеді», – дейді Светлана.

Бірақ шекарашылар оларды қазақ еліне кіргізбей қойыпты. Өйткені коронавирустық пандемияға байланысты Ресей азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынған, шекара жабық.

«Шекарашылар Ресейдің ішкі паспортымен Қазақстанға кіруге болмайды депті. Сондықтан олар РФ сыртқы шетелдік паспортын (общезаграничный паспорт) рәсімдеуге кірісті, бірақ онысы тек бір айдан кейін ғана қолға тиеді. Егер РФ сыртқы төлқұжатын алса, Қазақстан аумағына кіре алады ма? Олар Қазақстан паспортын да тапсырмаған. Соны пайдалануға бола ма?» – деп сұрайды ол.

Дегенмен, төтенше жағдай аяқталғанша, дипломат болмаса, Ресей азаматтары елге кіре алмайды екен. Оның үстіне Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов Светлананың туыстары қос азаматтық иеленгеніне назар аудартты.

«Жалпы қолданыстағы «ҚР азаматтығы туралы» заңының 21-бабына сәйкес, өзге мемлекеттің азаматтығын алған адам бірден Қазақстан азаматтығын жоғалтады. Бұл ретте шетелдік азаматтықты иеленген адам сол мезеттен бастап 30 күн ішінде бұл туралы ІІМ-ге немесе еліміздің шетелдік мекемесіне хабарлап, ҚР жеке куәлігі мен паспортын тапсыруға тиіс. Хабарламаған жеке тұлғалар 200 АЕК (530 мың 200 теңге) айыппұлмен жазаланады. Егер жеке куәлікті не паспортты пайдаланса, тағы 100 АЕК көлемінде (265 мың 100 теңге) айыппұл салынады», – дейді Мұрат Қабденов.

Қазіргі кезде шетелде оқып жатқан «болашақтықтар» және басқа да студенттер, барлық турис Қазақстан Үкіметінен өздерін эвакуациялауды сұрап жатыр.

Әния Құрманбаеваның қызы Аружан елордадағы ҚазМЗУ студенті екен, академиялық мобильділік аясында Болон университетінде оқуын жалғастыруға кетіпті. Шешесі биліктен қызын және Италиядағы барлық студенттерді елге әкелуді сұрайды.

Осы орайда Сыртқы істер министрлігі осы елдегі барлық қазақстандық жастарды және азаматтарды Италиядағы консулымыз Алмат Абжановқа +39 334 173 7929 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы хабарласуға шақырды. Бұл құтқару іс-қимылдарын үйлесімді жүргізу үшін қажет. Әйтпесе, бір шәкірт уақытында әрекет етпей тыс қалса, оған ұшақ жіберу шығынды болмақ.

«Менің ұлым Заманбек Испанияның Castilla-La Mancha университетінің 1-курсында оқиды. Испанияда студенттеріміз жетерлік, тек осы университетте ғана шамамен 30-ы оқиды. Биылғы 16 наурыздан бастап олардың барлығы қашықтан оқытуға көшіріліпті. Жергілікті студенттер үйлеріне қайтты. Біздің жастар да елге оралмақ болған. Алайда барлық авиақатынастар тоқтатылды. Жатақханалар карантинге жабылған. Көшеде жүру қауіпті бола бастады. Өйткені жергілікті жұрт «кеселді әкелген – қысықкөздер» деп қытайға жүзі ұқсастардың бәріне тиіседі, қысым көрсететінді шығарған. Дүкендердің сөрелері бос, азық-түлік қалмаған», – дейді Гүлбаршын.

Еліміздің сыртқы саясат ведомствосы Испания корольдігінен де азаматтарымыз эвакуацияланып жатқанын жеткізді. Бұл үшін қолжетімді халықаралық рейстер пайдаланылуда екен.

«Күн сайын Испаниядағы Қазақстан елшілігі сондағы қазақстандықтарға арналған бағдарлар тізімін әзірлейді. Castilla-La Mancha университетінде біздің 49 студент оқиды. Оның 26-сы 19 наурызға дейін өз бетімен және төл қаржысына елге ұшып кеткен. Қазақстандық студенттер жатақханадан қуылмау үшін Испаниядағы елшілігіміз ЖОО басшыларымен жұмыс жүргізуде. Университет жатақханасы олар үшін жабылмайтын болды. СІМ азаматтарымызды эвакуациялау мәселелерін ары қарай пысықтауда. Қай елден әкетуді ел Үкіметі шешеді», – деді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Кеше, 28 наурызда Испаниядан Отанға 150 азамат оралды. Олардың көпшілігі Барселона әуежайында жиналып, Минск арқылы Нұр-Сұлтан қаласына әкелінді. Келе сала, Хилтон қонақүйіне түсіріліп, бақылауға алынған. Тағы бір бөлігі Испаниядан Алматыға аттанды.

Жатжұрттарда жүрген барлық Қазақстан азаматтарына консулдық есепке тұруға кеңес беріліпті. Бұл дипломаттарға отандастарымызды эвакуациялау орны туралы дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді. Олар үшін Whatsapp чаты ұйымдастырылған көрінеді.

СІМ дерегінше, биылғы наурыз айының басында коронавирус тіркелген шет елдерде 95 мың қазақстандық болды. Оның 40 мыңдайы – АҚШ-та, 35 мыңы – Кореяда, 5,1 мыңы БАӘ-де, 5 мыңы – Германияда, 3 мыңы – Ұлыбританияда, 1,8 мыңы – Италияда, 1 мыңдайы – Францияда. Көбі студенттер, табыс іздеген еңбек мигранттары, туристер мен бизнесмендер.

Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар Әмірліктердегі 801 қазақстандыққа елге оралуға көмек көрсетті. Кесел құрсауында қалған басқа елдерден де қазақстандықтар құтқарылуда.

Бұл іске еліміздің армиясы тартылған: Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясы өз мүмкіндіктері арқылы қазақстандықтарға әлемнің әр түрлі өңірлерінен оралуға қолұшын беріп жатыр.

Франция, Германия және басқа да жерлерде тұрғылықты тұрып жатқан қазақстандықтар уақытша елге оралуға тілек білдірген.

Шетелдегі қазақстандық елшілік қызметкерлері отандастар «санағын» жүргізуді жалғастыруда. Олар кезіккен мәселелер зерделенуде.