Металл конструкция аяғына бар салмағымен түскен оқушының аяғы сынған.
ERNUR.KZ. Қарағандыда жеті жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап, аяғы сынды. Бала үйдің ауласында жарақат алған, деп жазады tengrinews.kz.
Оқиға 24 наурызда Пришахтинск қаласындағы Зелинский көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған. Мектеп оқушысы достарымен футбол ойнап жатқанда қақпа оның үстіне құлаған. Металл конструкция аяғына бар салмағымен түскен оқушының аяғы сынған.
"Ұлым аулада ойнап жүрген. Біз дастарынан оның үстіне қақпа құлағанын білдік. Олар менің үлкен баламды шақырды. Бәрі көшеге жүгіріп шықты, барсам балам жылап отыр екен. Жедел жәрдем шақырғанымызда аяғы сынғанын айтып, гипс салды. Қазір сабақтан қалып, үйде отыр", - деді зардап шеккен баланың анасы.
Қарағандылық келіншектің айтуынша, бір апта бойы құлаған қақпаны ешкім жөндемеген. Көршілердің бірі оны арқанмен байлап қойған. Әлеуметтік желідегі шағымнан кейін ғана жағдай алға жылжыған.
"Мен Instagram-да болған жайды жаздым, содан кейін ғана әкімдік бұл құрылымды орнатқан мердігер компанияны шақырды. Біз де сотқа жүгіндік. Өйткені, қақпа баламның басына түсіп кеткен болса, оқиғаның қалай аяқталатыны белгісіз еді. Жазда балалардың аулада аман-есен ойнағанын қалаймыз, сондықтан барлығын заң бойынша реттеуді талап етеміз", - деп қосты зардап шеккен баланың анасы.
Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Олар темір конструкцияның құлауына мектеп оқушылары мен балаларды қадағаламайтын ата-аналары кінәлі екенін айтты.
"Зелинский көшесінің бойында құлаған футбол қақпасына қатысты мынаны хабарлаймыз: бұл футбол алаңы 2020 жылы аула аумағын жан-жақты абаттандыру кезінде қалпына келтірілген. Қазіргі уақытта көктемгі-жазғы кезеңнің басталуына байланысты қайта жөндеу жұмыстары басталды. Аулаларда орналасқан футбол қақпалары қатайтылып және басқа да балалар және спорт алаңдары тексеру және қосымша нығайту жұмыстары жүреді", - деді әкімдіктегілер.
Сондай-ақ әкімдік алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан ауданында ойын алаңдары немесе спорт алаңдары бар 400-ге жуық ауланың сараптамадан өтетінін қосты.