Бүгінгі таңда республикада 2,6 миллион оқушы қашықтан, ал 800 мың бала дәстүрлі форматта оқып жатыр.
ERNUR.KZ. Қашықтан оқыту кезінде оқушылар тек оқу тапсырмасын орындайды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Онлайн баспасөз мәслихатында журналистер министрден балалардың үй тапсырмасы туралы сұрады.
"Бұған дейін сіз де, әріптестеріңіз де қашықтан оқитын балаларға үй тапсырмасын берудің қажеті жоқ деген едіңіз. Десе де, үй тапсырмалары беріліп жатыр. Осыған қатысты түсініктеме берсеңіз", – деді БАҚ өкілі.
"Бала дәстүрлі форматта, яғни мектепке барып оқығанда, сабақ кезінде белгілі бір тапсырмаларды орындайды. Мұғалімдердің сұрағына жауап береді. Жұмыс осылай жүреді. Одан кейін өткен сабақты қайталау үшін үйге қосымша тапсырма беріледі. Міне, бұл осындай формат. Ал қашықтан оқыған кезде, бала онсыз да үйде білім алады. Яғни, оған оқу тапсырмасынан бөлек қосымша үй тапсырмасын беру ақылға қонымсыз. Өйткені оқу тапсырмасын ол бәрібір де үйде орындайды", – деп түсіндірді Аймағамбетов.
Сол себепті, ведомство балаларға оңай болу үшін әдістемелік ұсынымдар әзірлеген.
"Енді біз оқу тапсырмасы және үй тапсырмасы деп бөлмейміз. Тек, оқу тапсырмасы ғана бар. Олар қашықтан оқитын оқушыларға бәрібір де үйге беріледі. Сондықтан тапсырмалар біз ұсынған көлемнен аспауы керек", – деді министр.
Айта кетсек, бүгінде республикада 2,6 миллион оқушы қашықтан, ал 800 мың бала дәстүрлі форматта оқып жатыр.
Мектептерде ашылған кезекші сыныптарда 547 мың бала білім алуда.
Қазақстандағы 7 мың мектептің 3 мыңы шалғай ауылдарда орналасқан. Олар да жаңа оқу жылынан бастап штатты режимде жұмыс істеп жатыр.